Б. Смағұл: елімізде сұйытылған газды сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспаған
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытбек Смағұл үкіметке сауал жолдап, митинг жайлы пікірін жеткізді. Оның айтуынша, елімізде сұйытылған газды сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспаған. Соның салдарынан тапшылық болды. Бөлшек сауда бағасын қалыптастырудағы проблеманы Үкімет шешуі тиіс. Бақытбек Смағұл депутаттардың бұл күндері Жаңаөзенде, Ақтауда, өзге де қалаларда болған оқиғаларға күйзелгенін айтты.
«Ел Президентінің жедел шешімі мен жеке бақылауы жағдайды шешуге, өзара тиімді шешім қабылдауға кепілдік берді», - деді ол. Дәл қазір қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықты сақтауға барша бір адамдай ат салысуы керек екенін айтқан Мәжіліс депутаты оң шешімін таппаған мәселелерді тізіп шықты.
Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Біріншіден, Энергетика министрлігі бағаның былайша өсуін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газдың 100% электронды сауда алаңында сатылатынмен түсіндіреді. Үш жыл ішінде сауда алаңында нарықтық тетіктер қалыптасып үлгермеді. Сөйтіп, бүгінгі күнгі дағдарысты жағдайға алып келді. Екіншіден, елімізде сұйытылған газ сатудың бірыңғай ұлттық нарығы қалыптаспады. Оның есесіне сұйытылған газ тапшылығы орын алды, оның көрсеткіші 2021 жылы 15%-ға жетті. Үшіншіден, бірқатар аймақта сауда-саттық нәтижесінде көтерме баға керісінше төмендегенін көріп отырмыз.