ҚР Президенті «Орталық Азия – Үндістан» саммитіне қатысты
Сондай-ақ Үндістанмен бірлесіп, IT-мамандарын даярлайтын мектеп ашқан жөн деп санайды.
Алты елдің қатысуымен өткен «Орталық Азия және Үндістан» саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс айтты. Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің бастамасымен ұйымдастырылған бұл жиын Нью-Делиде өтуі тиіс болатын, пандемиялық шектеулерге байланысты онлайн форматқа ауысты. Мұндай ауқымды жиынға үнді елінің бастамашы болуының өзіндік себебі бар. Өйткені қазіргі күні Азия елдерінің әлемдік экономикадағы рөлі айтарлықтай артып келеді. Бірақ Үндістанның сыртқы тауар айналымында тұтас Орталық Азия елдерінің үлесі 1% жетпейді екен. Олқылықтың орнын толтыру үшін үнді тарапы: «Сауда-экономикалық платформа құру керек», - деп отыр. Мұны Қазақстан бірауыздан қолдады. Сондай-ақ Ресей мен Шығыс Еуропаға шығу үшін біздің елдің транзиттік әлеуеті зор екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық транзит дәлізі өтеді. Оның ішінде бес теміржол мен алты автомобиль бағдары жүк қозғалысының жоғары жылдамдығын қамтамасыз етеді. Еуразиялық Экономикалық Одақ кеңістігінде бірыңғай кеден аймағы жұмыс істейді. Сондықтан Ресейдің және Шығыс Еуропадағы бірқатар елдің нарығына кедергісіз кіру мүмкіндігі бар. Жылдық қуаты 26 млн тонна болатын Қазақстандағы Ақтау мен Құрық порттарының да келешегі зор. Олар Каспий теңізі арқылы Каспий өңірі елдеріне, Түркияға және одан ары Батысқа шығуға мүмкіндік береді. Еліміздегі ұлттық көлік инфрақұрылымын дамыту үшін соңғы 10 жылда шамамен 30 млрд доллар инвестиция салдық. Келешекте біз оны жалғастырамыз.