Жеті мемлекеттің Төтенше және өкілетті елшілері Қ. Тоқаевқа сенім грамоталарын тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі игі міндеттерін орындау барысында оларға Президент Әкімшілігі мен Қазақстан Үкіметі тарапынан қажет қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қасіретті қаңтар оқиғасына да тоқталып, «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының басым бағыттары этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат болып қала беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- «Қаңтар оқиғасынан» кейін мен кек алуға немесе жікшілдік жасауға ұмтылмаймын. Ел Президенті ретінде Қазақстан азаматтарының жікке бөлінуін емес, бірігуін аса маңызды басымдық санаймын. Сондықтан Жаңа Қазақстан тұжырымдамасын ұсындым. Бұл құжат этносаралық келісім мен көпвекторлы сыртқы саясат сияқты айқын жетістіктерімізден бас тартпай, өткен кезеңде жіберілген әділетсіздіктерден құтылуға негізделген. Жасампаз жұртымыз бұл сынақтан бұрынғыдан да күшті, берекелі, болашағынан үміт күтетін және өз мемлекеттілігін, егемендігін және аумақтық тұтастығын сақтауға белін бекем буған халық болып шығады. Президент әкімшілігі өз тарапынан ауқымды саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асырады, инвестициялық келісімшарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етеді және сыбайлас жемқорлықпен тоқтаусыз күреседі. Сіздерді пандемиядан кейінгі кезеңде өздеріңіздің дипломатиялық және саяси мол тәжірибелеріңізді екіжақты қатынастарымызды жаңа биікке көтеру үшін пайдалануға шақырамын. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен арадағы екіжақты және көпжақты байланыстарды одан әрі жан-жақты нығайтуға дайын.
Мемлекет басшысы Грекияны Қазақстанның Еуропа Одағындағы және Жерорта теңізі аумағындағы маңызды серіктесі деп атап, Қазақстандағы он мыңдаған грек диаспорасы халықтар арасындағы мәңгілік достықтың символы саналатынын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымынша, Қазақстан АСЕАН елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі, бұл ретте Индонезиямен байланысты бекемдей түспек. Жеті мемлекеттің елшілері де Қазақстан мен өз елдері арасын жақындастыруға кәсіби жігерін аямауға серт етті.
Алан Хэмсон, Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қазақстан мен Канада бір-бірінен шалғай орналасқанымен, ұқсастықтары бар. Ауа райы, географиясы ұқсас. Сондай-ақ ядролық қаруды таратпау секілді ортақ ұстанымдарымыз да бар. Бұл – Қазақстан үшін өте маңызды уақыт, Канада Қазақстанмен қандай да бір мәселелерді шешу әрқашан дайын.
Мохамад Рахман, Индонезияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Мен біздің елдер арасындағы экономикалық һәм саяси байланыстарды жандандыру түсуге күш саламын. Себебі Қазақстан – Индонезияның Орталық Азиядағы сенімді серіктесі. Елдер арасындағы байланыстың әлеуеті өте жоғары.