Қасым-Жомарт Тоқаев Мәулен Әшімбаевты, Ерлан Қошановты және Ерұлан Жамаубаевты қабылдады
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қасым-Жомарт Тоқаевқа ТМД елдерінің Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің құрылғанына 30 жыл толуына орай Алматыда өткен мерейтойлық жиынды қорытындылады. Биыл қыркүйек айында елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне дайындық жұмыстары туралы да мәлімет берді.
Президент әлемдегі өзекті мәселелер бойынша сындарлы диалогты қамтамасыз ететін қазақстандық форумға әмбебап әрі жаһандық дінаралық диалог алаңы мәртебесін алу маңызды міндет екенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев палатаның Қазақстан халқына Жолдаудағы негізгі бағыттарды жүзеге асыру жөніндегі заң шығару жұмыстары туралы айтты. Мемлекет басшысы елдегі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Сенат спикері депутаттардың өңірлерге сапарларының қорытындылары туралы ақпарат берді.
Парламент Мәжілісінің екінші сессиясы басталғалы депутаттар қарауына 96 заң жобасы түскен. Оның 53-і мақұлданып, Сенатқа жолданыпты. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Президенттің қабылауында мәлімдеді.
Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі бағыттарын заңнамалық тұрғыдан қамту бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы баяндады. Парламенттің төменгі палатасы жұмысының жаңа форматтары туралы айтылды.
Депутаттар енді өз жұмыстарында ашықтықты арттыруға, парламенттік мәдениетті нығайтуға және халықпен арадағы ықпалдастықты күшейтуге баса мән береді. Қоғамдағы өте маңызды мәселелер бойынша парламенттік тыңдалым мен басқа да іс-шара жиі өткізіледі.
Үкімет қазынаның қаржысын шетелге асырғыштардың жолын кесетін арнайы іс-қимыл жобасын әзірлеп жатыр. Бұған қоса, шекара асып үлгерген қыруар қаражатты қалай кері қайтару мәселесі қарастырылуда.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтып берді.
Сарапшылар: «Шетел асқан қаржыны қайтару оңай шаруа емес, сондықтан бізге қазіргі керегі – мемлекеттің қалған қаржысын қолды етпеу», – дейді. Әсіресе үш саланың қаражатын қатаң бақылауда ұстау керек деп отыр.
Тимур Айсауытов, экономист:
- Сыртқа кеткен ақшаны қайтару – өте күрделі жұмыс және өте қымбатқа түседі. Бұл бағыт 5-10 жылға созылуы мүмкін. Қазір де қаржы Қазақстаннан шығып жатуы әбден мүмкін. Басым бөлігі үш саладан кетіп жатыр. Меніңше, сол салаларға назар аудару керк. Біріншісі – мұнай-газ, екінші – тау-кен саласы, үшіншісі – инвестициялар схемалары бойынша келіп жатқан капиталдар бойынша.