Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев: Алдағы референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес

Биылғы жылды Президент «Балалар жылы» деп жариялағандықтан, бұл мереке жылдағыдан әлдеқайда ауқымды өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Алматыға жұмыс сапарымен барып, шаһарда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Алматы БалаFest» фестиваліне қатысты. Шығармашылық фестивальдің қорытындысы бойынша озық шыққан 930 жеңімпазды арнайы марапаттады. Солардың бірі – 9 жастағы Дэниел Ким ағылшын тілінде Мемлекет басшысына жетістіктерін айтып берді.

Қазір Қазақстандағы ғалымдар саны 22 мыңнан сәл ғана асады. Бұл аз, сондықтан біз олардың санын көбейтуіміз керек. Алматыда Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысқан Президент осылай деді. 75 жылдық тарихы бар академия енді мемлекеттік мәртебеге ие болады және бюджет есебінен қаржыландырылады. Алдағы уақытта арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де осы академияға беріледі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың ойынша, отандық ғылымда әлі де түйткілді мәселелер көп және оларды кезең-кезеңімен шешу керек. Президент ғалымдар алдында сөз сөйлеп, алдағы референдумға тоқталды. Мемлекет басшысының пайымынша, елдегі реформалар жеке тұлғалардың немесе Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, тек қоғамның мүддесін көздейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Алдағы референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес, шын мәнінде оның бастамасы екенін атап өткім келеді. Жұмыс енді ғана басталып жатыр, өйткені өмірдің өзі және азаматтардың қажеттіліктері бізге жаңа міндеттер жүктейді. Саясатта шалт қимылға жол берілмейтінін, ең күрделі геосаяси жағдайларда ол жойқын зардаптарға, деградацияға, тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін қаперде ұстау керек. Біз осындай «тар жол, тайғақ кешуде» әр қадамымызға байыппен қарауымыз керек.

 

Алматы әуежайында жаңа терминал салынады

Жолаушылар ағыны екі есе ұлғайып, әуежай жылына 14 млн жолаушыға дейін қызмет көрсете алады.

Мемлекет басшысы осы сапар барысында стратегиялық нысанға арнайы барып, салынатын терминал «ең озық технологиямен жабдықталып, халықаралық стандарттарға сай болуы керек» деп тапсырды. Қазір терминалдың құрылысы жүріп жатыр. 2024 жылы пайдалануға беріледі. Алматыға сапары барысында Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне де ат басын бұрды. Оқу ордасының ғылыми жетістіктері мен инновациялық жобалардың көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтына да барды. Институт бірнеше бағытта жұмыс істейді. Соның бірі итбалықты қорғаумен көпке танымал. Ақтауда итбалықты оңалтатын арнайы орталықтар бар. Осы кезге дейін су жануарының 40 шақтысын емдеп, теңізге жіберген. Президент Каспийді мекендейтін итбалықтардың санын анықтап, олардың азайып кетуінің себебін зерттеуді тапсырды.