Үкімет Су кодексінің жаңа жобасын әзірледі
Әрі суды тұтыну да өсіп отыр. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш өзен ағыны 99 текше шақырымнан асуы мүмкін. Қазірдің өзінде 17 текше метр тапшылық бар. Бұл туралы Орталық коммуникациялық қызметінде өткен брифингте Экология министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Су нысандарының экожүйесін сақтап, үнемді пайдалану үшін 120 су арнасы жаңарту әрі 9 жаңа су қоймасын салу көзделіп отыр. Оған қазынадан 188 млрд теңге, бюджеттен тыс 34 млрд теңге қаражат бөлінбек. Үкімет елдің су ресрустық әлеуетін сақтап қалу үшін Су кодексінің жаңа жобасын әзірледі. «Ол жақын арада Парламентке жіберіледі», – деді Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары.
Досбол Бекмағамбетов, ҚР ЭГТРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
- Су кодексінің жаңа жобасында қоғамдық ұйымдар мен білікті мамандар тарапынан жаңа идеялар мен ұсыныстар жолданса, дұрыс болар еді. Суды пайдалану тиімділігін арттыру және суға сұранысты басқару үшін суды бөлу және есепке алу процестерін цифрландыру және автоматтандыру жөніндегі жұмысты жандандыру қажет. Бұдан басқа су үнемдеуді ынталантыратын тарифтерді енгізу қажет.
Судың көп бөлігі ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатыны белгілі. Салада нормадан тыс су жоғалтуды азайту бойынша да тиісті шаралар қолға алынбақ. Мұнда 7 мың шақырым суару желісін күрделі жөндеуден өткізіп, гидротехникалық құрылғыларда судың есебін цифрландыру жоспарланған. Биыл 89 су арнасы сандық технологияға өткізіледі. 2025 жылға таман су шығынын 800 млн текше метрге азайту мүмкін болмақ.