Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды
Мемлекет басшысын әуежайдан Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров бастаған ресми тұлғалар күтіп алды. Қырғызстанның туристік бренді Ыстықкөлдің жағасында орналасқан бұл қалаға Орталық Азия мемлекеттерінің бес президенті түгел жиналады. Яғни Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан мемлекеттерінің басшылары аймақтың бүгіні мен болашағы туралы пікір алмасады.
Консультативтік кездесу еркін форматына қарамастан, мемлекет басшылары аймақтағы ынтымақтастыққа қатысты бірқатар құжатқа қол қояды деп жоспарланып отыр. Соның бірі әрі бірегейі «ХХІ ғасырдағы Орталық Азияның дамуы үшін бес мемлекет арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық» туралы құжат болмақ.
Құжат тараптардың саудадағы, әскери саладағы, логистика мен мәдениеттегі қарым-қатынастарын жандандыра түспек. Сарапшылар әдетте мұндай келісімдерге кірісе бермейтін Түрікменстанның аталған құжатқа қол қоятынын жақсылыққа жорып отыр. Бұл елдің жаңа президенті Сердар Бердімұхамедовтің Орталық Азия басшыларымен алғашқы кездесуі де осы Консультативтік кеңес аясында өтпек. Сондай-ақ айта өту керек, Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров та аймақтағы бес елдің президентін бірдей алғаш рет қарсы алып отыр.
Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
- Біріншіден, бір-бірімен отырып, ашық сөйлесіп, сенім тудыру керек. Ол экономикалық интеграцияға немесе басқа интеграцияға апарады ма, кейін белгілі болады. Мұндай консультативтік кездесулер сенім форматын көтереді.