Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді
Мемлекет басшысы съездің биік мақсаттары мен міндеттерін ілгерілетуге белсене атсалысқаны үшін оларға ризашылығын білдірді.
Бұдан кейін Президент Сауд Арабиясы Корольдігінің Ислам істері, уағыз және насихат жөніндегі министрі шейх Абдуллатиф бен Абдулазиз Абдрахман Әл аш-Шейхпен кездесті. Жүздесуде Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу Патриархатының Сыртқы шіркеулік байланыстар департаментінің төрағасы, Волоколамск митрополиті Антонийді, Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді, Астана және Қазақстан митрополиті Александрды қабылдады. Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеу және бүкіл Ресей Патриархы Кириллге съездің негізгі мақсатын ілгерілетуге жасаған көмегі үшін ерекше алғысын жолдады.
Мемлекет басшысы Бас ашкенази раввині Давид Лау мен Бас сефард раввині Ицхак Иосифті қабылдады. Мемлекет басшысы Израиль Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі екенін атап өтті, сондай-ақ сауда-экономикалық іс-әрекеттер жанданып, мәдени-рухани байланыстар дәйекті түрде нығайып келе жатқанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Американың ірі еврей ұйымдары президенттері конференциясы төрағасының атқарушы орынбасары Малькольм Хонлайнді да қабылдады. Кездесуде діндер мен мәдениеттердің жаһандық диалогын тереңдету мәселелері талқыланды.