Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өз мәресіне жетті
Құжат 35 бөлімнен тұрады. Онда әлеуметтік әділдікті сақтау, кедейлік пен ашаршылық мәселелерін шешу, терроризм, қақтығыстың барлық түрін айыптау керектігі жазылған. Сондай-ақ отбасы құндылығын дамыту, сөз бостандығын сақтауға үндеу жасалды. Жалпы адамзат игілігі үшін саяси қайраткерлердің қолдауы маңызды екендігі де атап өтілген. Екі күнде делегаттар пленарлық отырыстан бөлек арнайы төрт секциялық отырысқа қатысты. Талқыға түскен тақырып бойынша әр тарап өз ойын, ұсынысын білдірді. Ашық диалог орнады. Бәрі бейбітшілік, үміт пен келісімнің жаршысы болуға уағдаласты. Осы алаңнан 300-ден астам отандық және шетелдік журналист төрткүл дүниеге ақпарат таратты. Алдағы кездесудің мерзімі де пысықталды. Дін көшбасшыларының VIII сьезі 2025 жылы өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Шын мәнінде, бәріміздің мақсатымыз — бір. Бұл — өркениеттер үндестігін орнату және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту. Съезде көптеген салмақты ой, салиқалы пікір айтылды. Оның бәрі біздің үйлесімді әлем құру жолындағы іс-әрекетімізге оң ықпалын тигізеді деп санаймын. Мен алқалы жиынға арнайы келген әлемдік деңгейдегі рухани көшбасшыларға зор алғыс айтамын.