Президенттік сайлау: АҚШ-та дауыс беру аяқталды
Бұл Калифорния мен оған жақын штаттарда тұратын отандастарымыз үшін жақсы жаңалық болды. Бұл қала Астана уақытынан 14 сағат артта болғандықтан, дауыс беру таңғы 10-да тоқтатылды. Жалпы мұхиттың ар жағындағы азаматарымыз саяси науқанға бір кісідей ат салысып, белсенділік танытқан.
Екі айдан кейін 87-ге келетін Тәпен Аухадиевдің тілегі: «Қазақ елінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған тыныш, молшылық болса екен», – дейді. Сол үшін келіп, кандидатына дауыс берді.
Тәпен Аухадиев, сайлаушы:
-Жер үшін, ел үшін, ұрпақ үшін, мінекей сол үшін дауыс беріп жатырмыз. Елдің ертеңі үшін, болашағымыз үшін. Жастар мінекей сіздерді көріп отырмыз, біздерге басқа не керек.
Ал Самал Бұғытаева кеше ғана АҚШ-қа табан тіреді. Вашингтон университінен шақырту алып, тағылымдамадан өтуге келген. Оның үстіне бүгін отызға толды. Туған күнінде арнайы аса маңызды таңдау жасағанын айтады.
Самал Бұғытаева, сайлаушы:
-Мен үшін бір ерекше сезім. Жалпы Америкада бірінші ретпін. Елшілікте бірінші рет дауыс беріп тұрмын.
Қазақтар ең көп шоғырланған қала Нью-Йорк. Бүгін де мұндағы учаскеден мегополистің маңындағы қалалардан келген көптеген отандасымызды кезіктіруге болады.
Ернар Жаркешев, сайлаушы:
-Соноу Гарвардтан осы Нью-Йоркке арнайы дауыс беруге келіп отырмыз. Еліміздің болашағы бүгін шешіліп жатыр, сондықтан азаматтық борышымызды орындадық.
Дауыс беру процестерін тәуелсіз бақылаушылар бастан аяқ қарап жүрді. Олар өздерінің пікірлерін де білдірді.
Мадина Юсубалиева, тәуелсіз байқаушы:
-Сайлау технологиясы орындалды. Бюллетендер құпия сақталған. Әркім өзінің кандидатын таңдап, жәшікке салуға толық мүмкіндік жасалған. Заңбұзушылық анықталған жоқ.
Вашингтон мен Нью-Йорктегі сайлау учаскелері Қазақстан уақыты бойынша таңғы 7-де жабылды. Нәтижесі белгілі болғанан кейін бюллетендерді арнайы алып келген маман Қазақстанға бірден алып кетеді.
Авторы: Нұрбек Бекен