Нұрсұлтан Назарбаев әулеті қарапайым отбасы қатарына кірді
«Бірінші президент – Елбасы» конституциялық заңның күші жойылғанын мойындау» туралы заң жобасын парламенттің қос палатасы қолдап дауыс берді. Бұл заңға сай, бұған дейін Назарбаев пен оның отбасы мүшелерінің мүліктері мен есепшоттарына кепілдік қарастырған болатын. Яғни оны ешкім тексере алмайды, қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды, қамалмайды деген статусқа ие еді. Енді осыларды қамтыған конституцияның 46-шы бабы, 4-ші тармағы алынып тасталды. Қалатыны тек — экс-президент мәртебесі. Оның аясында тегiн медициналық көмек, экс-президенттің күзеті, көлік қызметін пайдалану, қызметтік саяжай мен пәтер түріндегі нормалар қарастырылған. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Назарбаев туралы 20-дан астам салалық заң нормаларының күші жойылады.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
- Мәдени, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру салаларда, тағы басқа салаларда сондай нормалар бар. Соларды заңнамадан алып тастау керек. Жан-жақты салалық заңдарды сараптап, қарап заңнама шығару тәртібімен сәйкес заң жобасы дайындалады.