Хабар телеарнасы

Көктемде Қазақстанның Парламенті жасақталады

Жалпы, тәуелсіз Қазақстан тарихында біздегі сайлаулардың көбісі өз мерзімінде өтіп көрмегенін ескерсек, Мәжілісті тарату туралы әңгіме де біраздан бері айтылып жүрген еді. Себебі былтыр Ата Заңға өзгерістер енгізілді, оның үстіне бұл Мәжіліс Қаңтар оқиғасына дейін бір жыл бұрын сайланып, қабырғасы қаланып үлгерген еді. Қаңтар деп отырған себебіміз енді біздегі биліктің бүкіл тармағын қаңтарға дейінгі және қаңтардан кейінгі деп қарастырғанымыз да жөн шығар. Өйткені жаңа Қазақстанның жаңа парламентінің болуы да заңды. Сол Қаңтар оқиғасы болған кезде бұл Парламенттің депутаттарын «үнсіз қалды» деп сынағандар көп болды. Мейлі ол күн де артта қалды. Ал екі жылда Парламент несімен есте қалды?

Қазақстан парламентаризмі тарихында бұл мәжілістің ғұмыры ең қысқа болды. Десе де, Президенттің әр бастамасын іліп алып, заңды тұрғыдан қолдап, шапшаңдық танытты. Елордаға Астана атауы қайта қайтарылды, «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні» мерекелер тізімінен алынып тасталды және «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» заң күшін жойды. Басым бөлігі «Нұр Отанмен» келіп, «Аманатпен» кеткен депутаттар «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарды да өзгертті. Партияларды тіркеуден өткізуге қажет мүшелер саны 20-мыңнан 5 мыңға дейін қысқарды. Өйткені осы жетінші сайланған мәжіліс тұсында бірқатар саяси партияны тіркеу әрекеті сәтсіз аяқталған еді. Енді «Байтақ» пен «Respublica» партиялары тіркеуден өтіп үлгерді. Сөйтіп әзірге алдағы аламанға қатысушы партиялар саны жетеуге жетті. Жаңа парламент үшін жарыс енді қызатын секілді. Біздің қоғамның да көздегені сол емес пе?! Cаяси бәсеке, саяси плюрализм..

Әуелі VII шақырылым депутаттары не атқарды деген сауалға келсек. Санмен сөйлесек, мына деректерді айта аламыз. 154 заң жобасы қаралды, 93-і Сенатқа жіберілсе, оның 75-іне Президент қол қойды. VII шақырылымның депутаттары өздерін аз отырса да, өнімді жұмыс істедік деп санайды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
-Аз отырдық, көп отырдық деп айтқаннан гөрі, жалпы жұмыстың сапасына келетін болсақ. Біз 10 жылда жасалмаған жұмысты осы екі жылда жасауға оның ішінде қаңтар оқиғасынан бері қарай жалпы халықтың әлеуметтік жағдайы, сонымен қатар әл-ауқатын көтеруге байланысты, құқықтық тұрғыда олардың құқықтарының қорғалуы байланысты конституциялық соттың жасақталуына байланысты кәдімгідей ат салыстық.

Самат Нұртаза, саясаттанушы:
-Тараған Мәжіліс көптеген халықтың көкейіндегі заңдарды қабылдады. Бірінші Президент туралы заң бар тағы басқа заң бар... Жаңадан келе жатқан Мәжіліске менің ойымша кейбір депутаттар қайтіп келу керек деп есептейтін өз басым. Себебі 100% жаңадан адамдар келіп барлығы тамаша болып кетеде дегенге мен қарсымын. Тараған Mәжілістің ішінде белсенді халықтың сөзін сөйлеген, мұң-мұқтажын түсінген депутаттар болды.

Тараған Мәжіліс әсіресе Президенттің бастамаларын заңмен бекітуде әбжілдік танытты. Алайда саясаттанушылардың дені Мәжілістегілердің жұмысын екіге бөліп қарайды. 

Қазбек Майгелдинов, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы:
-Қаңтар оқиғасы үлкен тригер болды. Қаңтар оқиғасында бірен-саран депутат болмаса қалған депутаттардың халық алдына шығып сөйлегенін немесе халық алдына келіп басу айтқанын көре алмадық. Яғни 100% көрсеткішпен қарайтын болсақ, 10-15% ғана өзінің белсенділігін көрсете алды.

Сол 10% ішінде болғандардың бірі — Еділ Жаңбыршин. Мәжіліс мінберінен сан сауал жолдады. Әсіресе өзі шыққан Батыс өңірінің басты проблемаларын шешуге атсалысты.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылымының депутаты:
-Қошқар ата мәселесі, газ мәселесіне байланысты теміржолшылардлың мәселелері, жедел-жәрдем мәселесі, ветеринария саласына байланысты, жер мәселесі, балықшылар мәселесі болды, оысының бәрін заңға да енгіздік, мінберлерден көтердік. Министрліктермен жұмыс жасап жұмыс топтарын құрып, кейбір мәселелерді заңнның асытндағы нормативтік құқықтық актілер енгізіп шештік.

Жаңалық аз болған жоқ. Бірақ осы сынды сүбелі бастамалармен жұрт таныс па? Осы сауалды астана тұрғындары қойдық. Сұқбат берушілердің дені бірде-бір депуттатық бастаманы білмейді.

Бұны саясаттанушылар: «Сайлаушылармен байланыстың аздығынан деп», — түсіндірді.

Индира Рыстина, саясаттанушы:
-Олардың мақсатты аудиториясы, барлық демейміз кейбір депутаттардың мақсатты аудиториясы бұл партяның басшылығы болды.

Мәжіліспен қатар жергілікті мәслихаттың да жұмысын бас бармақпен бағалап отырғандар аз. Себебі өңірлердегі депуттатардың кейбірі осы уақытқа дейін партиялық тізіммен сайланды да, сайлаушылар сөзін ұмыт қалдырды.

Ерболат Саурықов, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:
-Мәслихаттың рөлін соңғы жылдары біз түсіріп жібергенбіз. Мәслихат жергілікті жердегі аудан әкімі мен басқармалардың дайындап келген жобаларына дауыс берумен шектеліп келген депутаттар болды. Ол рас. Оны мойындау керек. Енді алдағы уақытта мұндай депутаттық корпустың жасақталуы қайтадан жүретін болса, онда олар Қазақстанның дамуына кедергі жасайтын азаматтар болды. Сондықтан қазірден бастап кандидаттарды іріктеген кезде, халықпен санасу керек.

Халықпен санасатын уақыт келді, енді Мәжіліске келетін 98 депуттатың 29-ын халық өзі таңдап жібереді. Қалғаны партиялық тізіммен. Ал осы уақытқа дейін төменгі палатадағы 9 орынды ұстап отырған Қазақстан халқы ассамблеясының квотасы мүлдем алынып тасталды.

Қазбек Майгелдинов, Қазақстандық Қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы, саясаттанушы:
-Пропорцияналды жүйенің олқылығы неде азаматтар партияға дауыс бере отырып, ертеңгі күні кім ол партиядан депутат болады. Ол депутаттың артықшылығы басымдылығы неде деген сұраққа жауап таба алмай келді. Бүгінгі таңда можаритарлы жүйенің 30% негізде енгізіліп, ал аудан, қала деңгейінде 100 пайыз болуы біздің жергілікті жердегі белсенді азаматтар мен азаттық қоғам үшін мүмкіндік.

Қазіргі уақыта елімізде ресми тіркелген 7 саяси партия бар. Олар AMANAT, Ақ жол, Қазақстан Xалық партиясы, Аулы, және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Қараша мен қаңтарда қатарға қос партия келіп қосылды. Олар «Байтақ» пен «Respublica» партиялары.

Ерлан Ахмади, саясаттанушы:
-Байтақ партиясының өзінің нақты күн тәртібіндегі тақырыбы бар. Ол экология. Өздерін жасылдар партиясы деп айтады. Кішкене экологтарды саясатта солшылдарға жатқызады, халықтық партияға бәсекелес болуы мүмкін. Ал Республикаға келетін болсақ қазір нақты ұстанымы көрінбейді, білінбейді. Белгілі тұлғаларды көріп жүрміз, әлеуметтік желіде, мәдениет саласындағы тұлғалар. Мүмкін алдағы уақытта бағдарламаларын жариялап айтатын болады.

Сонымен қатар әр азамат жеке тұлға ретінде немесе қоғамдық бірлестік атынан тіркеле алады. Оларға бөлінген орын – 29. Олар қалай жасақталады? «Саясаттанушы сайлаушылар санына қатысты бөлініс болады»,-деді.

Индира Рыстина, саясаттанушы:
-Алматы қаласы мен Түркістан облысынан 3 округтан болады. Алматы қаласы, Шымкент, Жамбыл облысы және Қарағанды облысынан 2 округтан болады. Ал қалған облыстарда бір округтан болады. Яғни ол облыстан бір ғана депутатты мәжіске өз өңірінен таңдап жібере алады.

Ал, жетінші шақырылым депуттарының қаншасы парламенттігі орнына оралады? Бұның жауабын 19 наурызда білеміз. Ал депутаттардың өздері орынтағына ораларына толық сенімді емес, себебі шешім партиядан.

Сонымен кандидаттарды ұсыну басталып кетті. Сегізінші ақпан кешкі алтыға дейін мүмкіндік бар. Ал үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпан күні сағат 18:00-де басталады. 19 наурыз — сайлау. Ал бүгін Ауыл, Байтақ және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы мен Қазақстан халық партиясы мәлімдеме жасап үлгерді. Олар сайлауға сақадай саймыз деп отыр, осылайша тағы бір науқан басталды. Демек осы көктеммен бірге, Қазақстанның парламенті де жаңарғалы тұр.

Авторлары: Сәкен Сейтіханұлы, Айдос Меделбеков