«Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисін 20 мыңнан астам адам пайдаланған
Қызылорда облысында бұл қаңтар айынан бергі көрсеткіш. Бұл платформа арқылы тұрғындар сайлау учаскесі мен кандидаттар туралы мәліметті ұялы телефоннан онлайн алып отыр. Бұдан бөлек колл-орталық пен мобильді қосымшалар арқылы да осындай ақпараттарға қол жеткізуге болады. Биылғы сайлау Сыр өңірінде тағы несімен ерекшеленеді? Дайындық барасы қалай?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы алдағы саяси науқанға өңірде толық-қанды дайындық жасалғанын мәлімдеді. Облыс бойынша 486 мыңнан астам азамат дауыс беруге құқылы. Барлығы 373 сайлау учаскесі бар. Осы жұмыстардың ұйымдастырылу барасы қалай? Бұл сайлау учаскесінде 2905 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру кабиналары, бюллетеньге арналған жәшік, комиссия мүшелері мен байқаушыларға арналған орындар және ақпарат тақтасы ілініп, дайын тұр. Дегенмен менің көзіме ерекше түскені мына құлаққап. Бұның қызметі қандай? Оны төрағадан сұрасақ.
Әлия Досмаханова, №207 сайлау учаскесінің төрағасы:
- Бұл сайлау учаскесінде 24 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Осы құлаққапты кию арқылы көзі мүлдем көрмейтін сайлаушы кандидаттардың аты-жөнімен танысады және брайл шрифті арқылы өзінің таңдауын жасайды.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Тағы бір ерекшелік, өңірде «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі іске қосылды. Жеке сәйкестендіру номерін осылай теру арқылы өзіңіз тіркелген сайлау учаскесі туралы мәліметті және мекенжайын онлайн картадан көруге болады. Сонымен қатар бұл жерде кандидаттардың да тізімі, олар туралы мәліметтер енгізілген.
Әділбек Ерсұлтанов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Орташа алғанда бір мандатқа 3,3 адам тіркелгенін атап өтті. Ең үлкен бәсекелестік 6 округте Қызылорда қаласы мен Арал, Жаңақорған аудандарында 5 адамнан келеді. Тіркелген кандидаттардың ішінде 433-і ер, 83-і әйел адам. Ең жас кандидат 21 жаста, ең ересегі 66 жаста.
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Сайлаушылар ішіндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың да тізімі дайындалған. Дауыс беру күні оларды тасымалдауға 34 инватакси жұмылдырылып, 42 сурдоаудармашы онлайн қызмет көрсетеді.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев