Мемлекет басшысы бокстан әлем чемпионатының жүлдегерлерін қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бокстан Өзбекстанның Ташкент қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары – Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Асланбек Шымбергенов, Нұрбек Оралбай және күміс медаль иегері Дулат Бекбауовты, сондай-ақ бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері мен бапкерлерін қабылдады.
Мемлекет басшысы спортшыларды әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтап, бұл күллі еліміз үшін айтулы оқиға екенін атап өтті.
– Әлемдік жарыста төрт алтын, бір күміс медаль алу – зор жетістік. Қазақ жігіттері әлем чемпионы атанып, еліміздің мерейін өсірді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Олардың дауысы сонау Ташкент төрінен анық естілді. Дәл осындай шынайы қолдау спортшыларымызға айрықша күш бергені сөзсіз. Спорт додасын бүкіл халқымыз көрді, сіздерге тілекші болды деп айтсақ, артық болмайды. Мен де финалдағы жекпе-жектерді түгел көрдім. Жігіттеріміз ел намысын қорғау үшін бар күшін салып айқасты. Желбіреген көк туымызбен және әнұранымызбен бірге халқымыздың рухы көтерілді. Ұлттың асқақ рухы және отаншылдық қасиеті дегеніміз – осы! Өйткені спортшыларымыздың әрбір жеңісі елді қанаттандырады. Шын мәнінде, өткен жексенбі қазақ боксының асығы алшысынан түскен күн болды. Мұхиттың ар жағында Жәнібек Әлімханұлы чемпиондық атағын абыроймен қорғады. Оның жеңісті жолы Ташкентте жалғасты. Осының бәрі барша қазақтың мерейін тасытты, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазақ спортының жаңа белеске көтеріліп келе жатқанына назар аударды.
– Шахматшы Бибісара Асаубаева блицтен әлем чемпионы атанды. Теннисші Елена Рыбакина беделді турнирлерде қатарынан бірнеше рет топ жарды. Балуандарымыз, оның ішінде қыздарымыз да бар, Азия чемпионатында 7 алтын медаль алды. Нұрғиса Әділетұлы ауыр атлетикадан Азия чемпионы болды. Футболшыларымыз, хоккейшілеріміз жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әрине, спортта жеңіс те, жеңіліс те болады. Дегенмен біздің спортшыларымыз биік белестерді бағындырып келеді. Бұған бапкерлер мен басқа да спорт мамандарының зор еңбек сіңіргені анық. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елімізде спорт саласын дамытуға айрықша мән берілетінін, жастардың жаппай спортпен айналысуына қажетті жағдай жасалатынын айтты.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, спортшыларға сәттілік тілеп, алдағы байрақты бәсекелерде ел намысын лайықты қорғайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының басшылығына, спортшылар мен бапкерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарын табыс етті.