Сенат бала құқықтарын қорғауға қатысты факультативтік хаттаманы мақұлдады
Сенат еліміздегі бала құқықтарын қорғауға қатысты факультативтік хаттаманы мақұлдады. Жалпы бұл тақырып әрдайым басты назарда. Себебі тек осы жылдың өзінде кәмелетке толмағандарға қатысты мыңнан астам құқықбұзушылық болған. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда статистика төмен. Десе де «мәселеге атүсті қарауға болмайды»,— дейді мамандар. Өңірлер арасында балалар құқығының бұзылуы Түркістан облысында көп тіркелді. Алматы қаласы мен Алматы облысы да тізімнің басында. Қылмыс аз тіркелген аймақтар — Ұлытау, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облыстары.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:
-Мақұлданған заң азаматтарымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдануға мүмкіндік береді. Бұл құжат елімізде балалардың мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру үшін қосымша заңнамалық негіз қалыптастырады деп сенеміз.