Президент Архивінде БАҚ өкілдерімен кездесу өтті
Мемлекеттік кеңесші журналистер мен қоғам белсенділеріне 2023 жылы жұмысын аяқтаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия қызметінің қорытындылары туралы айтып берді. Ерлан Қарин комиссия мүшелері дайындаған материалдарды талдау және оларды жүйеге келтіру жұмыстары жалғаса беретінін хабарлады. Бұл мәселеде 2021 жылдың мамырында Президент Архивінің жанынан құрылған ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы айрықша рөл атқарады. Орталықта Мемлекеттік комиссия жинақтаған және әзірлеген негізгі мұрағат қоры шоғырланған. Мұнда ХХ ғасырдың 20-50 жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға қатысты 688 мың іс жинақталған. Жиылған архив істерін зерделеу барысында табылған, жазушы, ақын Жүсіпбек Аймауытов автор ретінде көрсетілген «Әзір өлмеймін» шығармасы туралы айтылды. Мемлекеттік кеңесші Орталық жұмысының қорытындысы жыл сайын ғылыми жинақ ретінде жарық көріп, ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындарына берілетінін атап өтті.