Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентіне көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Ош облысы Нооқат ауданында сел жүру салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты осы елдің Президенті Садыр Жапаровқа көңіл айту жеделхатын жолдады. «Қазақстан халқының және жеке өз атымнан қаза тапқан азаматтардың отбасы мен жақын туыстарына қайғырып көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Қазақстан тату көршілік және өзара қолдау рухында табиғат апаты болған елді мекенге гуманитарлық көмек жіберді. Қажет болған жағдайда, бауырлас Қырғызстанға жәрдем беруге әзірміз», – деп жазылған жеделхатта.

Қырғызстанда сел кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық екі баланың денесі табылды. Бұл туралы Қырғызстан Төтенше жағдайлар министрлігі жедел штабының өкілдері мәлімдеді. Бұған дейін кәмелетке толмаған екі отандасымыздың көз жұмғаны хабарланған еді. Жақында Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің ұшағымен қаза тапқан барлық 4 баланың денесі елге жеткізіледі. Қазір жергілікті биліктің көмегімен жеделдетілген режимде қажетті рәсімдер жүргізіліп жатыр. Қазақстандық дипломаттар қаза тапқандардың туыстарына барынша көмек көрсетіп жатыр. Еске сала кетейік, 28 маусымда Ош облысының Ноокат ауданында толассыз нөсер жауыннан жойқын сел жүрген еді. Соның салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шекті. Он адам қаза болды. 1300-дей адам эвакуацияланды.