Мемлекет басшысы Гвинея-Бисау Президентімен кездесті
БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізді.
Президент Гвинея-Бисау елін Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – ашық әрі бейбіт саясат ұстанатын және аймақтағы ең ірі экономикасы бар ел. Сондай-ақ ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.