Хабар телеарнасы

Қысқы Азия ойындарының жүлдегерлері Алматыға оралды

Қысқы Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Алматыға оралды. Спортшыларды күтіп алуға туған-туыс, достары мен жанкүйерлер жиналды. Жеңіс туын желбіреткен қыз-жігіттерді алматылықтар дүркіретіп күтіп алды. Фристайлда қытай мықтыларын сан соқтырған Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов, сондай-ақ Аяна Жолдас, Ардана Маханова және Асан Асылхан секілді күміс жүлдегерлердің де қуанышында шек болған жоқ. Конькимен жүгіруден күміс алған Евгений Кошкин мен қола жүлдегер Кристина Силаева да алдағы үлкен жарыстарда топ жару үшін аянып қалмайтындарын жеткізді.

Шерзод Хаширбаев, Азия ойындарының чемпионы:

-Қарсыластарымыз өте мықты болды. Олардың арасында Қытай Олимпиада құрамасы өте мықты спортшылар негізінде. Олардың арасында Олимпиада чемпионы болды. Солармен жарысып, Роман Иванов екеуіміз Қытай командасынан алтын медальді ұтып алдық.

Талдықорғанда ел чемпионаты басталды

Талдықорғанда 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы ел чемпионаты басталды. Жарысқа барлық облыстан 100-ден аса үміткер жиналды. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп, келер аптада жеңімпаздар белгілі болады. Биылғы біріншілік тартысты болғалы тұр. Өйткені жеңімпаздар ел чемпионы атанып қана қоймай, ұлттық құраманың қосалқы құрамына шақырту алады. Яғни жеңіске жеткен жігіттерге байрақты бәсекелерге қатысатын жол ашылады.

Сұлтан Бейбітұлы, жарысқа қатысушы:

-Бұған дейін екі рет қатысып көргенмін. Біреуінде үшінші орын алдым. Енді биыл бірінші орын аламын деген ниеттемін.

Дархан Әшіров, жарыстың бас төрешісі:

-Азия біріншілігі өтеді. Әлем біріншілігі де өтейін деп жатыр. Соған байланысты осы жастағы балаларға арналған әлемде жарыстар бар. Сол жарыстарға арнайы ҚР чемпионаты ұйымдастырылуда. 

Ерхан Тұрдан Испаниядағы халықаралық BOXAM 2025 турнирінің чемпионы атанды

Жақында ғана Қазақстандық былғары қолғап шеберлері Испаниядан олжалы оралған еді. Естеріңізде болса Ла Нусия қаласында өткен дәстүрлі халықаралық турнирде жерлестеріміз 6 алтын, 5 күміс, 7 қола медаль иеленіп жалпы командалық есепте топ жарған болатын. Осы турнирде көптеген жас таланттар жаңа қырынан танылып ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсе білді. Солардың бірі Ерхан Тұрдан. Тұрдан Жамбыл облысы Қордай ауданы Қаракемер ауылының тумасы. Алақандай ғана ауылдан шығып, ерен еңбегінің арқасында ел мерейін асқақтатқан Ерханды ел-жұрты құшақ жая қарсы алды. Жас боксшының ел ішіндегі жетістіктері жетіп артылады. Бірақ Ерханның алдына қойған мақсаты белгілі, бағыты айқын. «Келешекте әлемдік жарыстарда биік белестерді бағындырып, олимп шыңына шықсам»,– дейді.

Авторы: Жандос Айтбай