Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында каратэші Әсел Қанай күміс жүлде иеленді. Ол Азия ойындарының ақтық сайысында қытайлық Ли Гунге есе жіберіп қойды. Есеп 8 де 2. Осылайша каратэден ұлттық құрама қоржынына алғашқы күміс медаль енді. Отандық спортшы 61 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, ел намысын қорғады. Айта кетейік, бұған дейін каратэден Жоламан Биғабыл және Софья Берульцева алтыннан алқа таққан еді.
Қазақстандық спортшы Санжар Әділов аралас жекпе-жектен 65 келіге дейінгі салмақта қола жүлдегері атанды. Ол ширек финалда Иран өкілі Афшин Салимиден басым түссе, жартылай финалда тәжікстандық cпортшыдан төрешілердің шешімімен ұтылып қалды. Ереже бойынша үшінші орын үшін жеке белдесу қарастырылмаған. Осылайша, Санжар Әділов екінші жартылай финалда жеңілген спортшымен бірге қола жүлдеге ие болды. Бұл Қазақстан құрамасының Азия ойындарындағы жетінші, аралас жекпе-жек тарихындағы алғашқы жүлдесі.
Ал Қазақстан ерлер құрамасы нысана көздеуден үздік ондыққа енді. Отандастарымыз Азия ойындарында 10 метрден пневматикалық мылтықпен ату сайысында 7-ші орынға табан тіреді. Бұл бәсекеде ел намысын Ислам Сәтпаев, Никита Шахторин, Константин Малиновский қорғады.