Қазақстандық спортшылар V Азия Пара ойындарына аттанды. Ұлттық құраманың ту ұстаушыларына Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы табысталды. Жарыс қазанның 18-і мен 24-і аралығында Жапонияның Айчи префектурасы және Нагоя қаласында өтеді.
Қазақстан құрамасында 150 спортшы бар. Олар 12 спорт түрі бойынша ел намысын қорғайды. Жалпы жарысқа Азия елдерінен 4 мың спортшы қатысады деп жоспарланған. Спорттың 18 түрі бойынша 502 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салсақ, Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен соңғы Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы рекордтық нәтиже көрсетіп, 41 медаль жеңіп алған.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Әрине, федерациялардың ұсынысына қарап, біз болжам жасаймыз. Бірақ бұл жерде оны айтып өтуді дұрыс деп ойламаймын. Әлем чемпионаттарына, Азия чемпионаттарына қарап, біздің өзіміздің жоспарымыз бар. Әр федерацияның алдына қойған талабымыз да бар.