Оралдық желаяқтар Жаңа жылда марафонға жүгіреді
Әуесқой спортшылар әлеуметтік желі арқылы өзге өңірлерге де үндеу жолдады. Марафоншылар қазір қызу дайындық үстінде. Шаһарда әуесқойлар клубының бастамасымен арнайы спорт секциясы ашылды. Салауатты өмір салтын ұстанатын кез келген адам клуб қатарына қосыла алады.
Баубек Ілиясов таза ауада жүгіруді әдетке айналдырған. Еліміздегі түрлі марафондарда талай мәрте оқ бойы озық келді. Желаяқ жуырда қақаған аязға қарамастан жалғыз өзі 230 шақырым қашықтықты бағындырды. Орал қаласынан Ақсуат ауылы маңындағы бұлаққа дейін бір тәулік бойы тоқтамастан жүгірді. Бұл әуесқой спортшының жеке рекорды болды. Енді ол алдағы жаңажылдық марафонға да қатысады. Шалғай ауылдағы желаяқпен бейнебайланысқа шықтық.
Баубек Ілиясов, марафоншы:
- Күнде таңертең, кешке жаттығу істейміз. Кейде жаттығуға шыққың келмейтін уақыттар болады, сол кезде өз-өзімізге мақсат қоямыз. Еңбектену керек. Денсаулыққа зақым келмейтіндей етіп дайындалған дұрыс деп ойлаймын.
Өңірдегі әуесқой спортшылар клубында жүздеген адам жаттығып жүр. Олардың қатарында жастармен қоса, балалар да, қариялар да бар. Мәселен, 70 жастағы Мақсот Кенжегереев ұзақ жылдан бері спортпен шұғылданып келеді. Жүгіру марафондарынан қалыс қалмауға тырысады. Ақсақал былтыр халықаралық додаларға да барып келді.
Мақсот Кенжегереев, марафоншы:
- Азия чемпионаты болды, онда бес километрде 2-орын алдым. Сосын наурыз айында Польшада Әлем чемпионаты өтті. Онда 208 елден қатысты. Мен алғашқы ондыққа іліктім. Аптасына 4-5 рет жүгіремін.
Ұзақ қашықтыққа жүгіру тыңғылықты дайындықты талап етеді. Әсіресе, спортпен енді шұғылдана бастаған адамдар түрлі жаттығулар жасауы тиіс. Әуесқойлар клубы осы мақсатта арнайы секция ашты. Жаттығу алаңы жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Асхат Рамазан, әуесқой спортшылар клубының жетекшісі:
- Кәсіпкер болған соң досым екеуміз өзіміздің туған жерімізге пайдамыз тисін деп ойладық. Үлкен шара өткізу үшін Голландиядан 10 млн-ға қымбат құрылғылар алып келдік. Қазіргі таңда тренерлерімізге төлеп жатырмыз. Болашақта үлкен жоспарларымыз бар. Орал қаласы Қазақстан бойынша спорттың астанасы болады деген үмітіміз бар.
Желаяқтар былтырғы жылды 31 шақырымдық марафонмен түйіндеген еді. Ал биыл олар 31 желтоқсан күні 42 шақырымға жүгірмек ниетте.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасво, Қанат Махмұтов