ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ВЕЛОСИПЕД КҮНІ: елімізде пандемиядан кейін велосипед тебетіндердің саны өскен
Ал велосипед тебуді еуропалықтар ежелден дәстүрге айналдырған. Кәрі құрлықтың кәрісіне дейін велосипедпен жүйіткіп жүреді.
Елубай ақсақал 73-те. Белім бүгілді деп тұрған жоқ. Әлі тың. Таңмен таласа тұрып, «ерттеулі» тұрған велосипедіне қарғып мініп, бас қаланың мына басынан ана басына 1.5 сағат жүреді. Кетпен шауып, бақшасын суарады. Тыстағы тірлікті тындырып, түс ауа кері қайтады.
Елубай Әбдиев, қала тұрғыны:
- «Қартайдық қайғы ойладық, азайды ұйқы», - деп Абай айтқандай, бізде ұйқы аз. 2-3 сағат ұйықтасақ жетеді. Таңертең сағат 05:00-де оянамыз. «Еңбек етсең емерсің», - деп халқымыз бекер айтпаған. Менің кейбір замандастарым: «Зейнетке шықтың, енді жатпайсың ба», - деп айтып жатады. «Жатқанға жан жуымас» деген мақал бар ғой. «Алма піс аузыма түс» деген болмайды.
Елубай ақсақал физика пәнінің мұғалімі болған. Сауатты, еңбекқор кісі. Өмірі өнегеге толы. Өзі де, «көлігі» де көпті көрген. Әсіресе екі дөңгелекті көлігінің көрмегені жоқ. Сай, тас, арық, ойық. Қысқасы, «қаланың көп жерінде жол жоқ» - дейді қария.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Қабанбай даңғылы – Елубай Әбдиевтің үнемі бағыт алатын көшесі. Мұнда бір қызығы, велосипед емес, жаяу жүргіншілер жүретін жол жоқ. Сондықтан қария көшенің шетін жағалап айдауға мәжбүр. Тасжолға шығуға қорқады. Көлік көп. Ал мына жағы сай. Көшенің арғы жағын құрылыс басталған кезде қоршап тастаған.
Елубай Әбдиев, қала тұрғыны:
- Мен Сарыарқа ауданында тұрамын, Әлия Молдағұловадан бастап осы жерге келгенше, біраз қиыншылықты көріп келемін. Мысалы, мынау жолдың жиектастары биік. Велосипедпен түсіп-шығу маған қиын. Биік жиектастан секіріп өтесің, ол мініп тұрған көлігіміздің доңғалағына да зиян келтіреді, жарылуы да мүмкін.
Қарияның сөзінше, өзі тұратын ауданда веложол мүлдем жоқ. Көшенің шетін жағалап ары-бері қатынауға мәжбүр. Ал әкімдік өкілдері: «Қаланың кей көшелерін қайта жаңғыртқан соң, веложол салуға кірісеміз», - деп сендірді. Ол үшін үш кезеңнен тұратын жұмыс жоспары әзірленген. Биыл Алматы ауданында 47 шақырымға таяу жол төселеді.
Жиенәлі Қыдыр, Құрылыс және перспективалық жоспарлау бөлімінің бас маманы:
- 2022 жылы Есіл ауданында веложол жобасының екінші кезеңі салынады деп жоспарлануда. Тұран даңғылы, Сарайшық, Сауран, Ақмешіт, Қабанбай, Керей Жәнібек хандар көшелерінде осы жұмыстар жүргізіледі. Жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрамақ.
Қазір бас қалада велосипедті жалға беретін 155 орын бар. Оның 62-сі – Есіл, 36-сы – Сарыарқа, 35-і – Алматы және 22 орын Байқоңыр ауданында орналасқан. Айтпақшы, пандемиядан кейін велосипед тізгіндейтін адамдардың саны сәл-пәл өсіпті. Былтыр қолданушылардың саны 14 100 болса, биыл жарты жыл ішінде 5 мың адам қатарға қосылған.
Бірлік Берікұлы, тілші:
- Пандемиядан кейін велосипедке қонған адамдардың саны әлем бойынша өскен. Әсіресе бұл көрсеткіш бойынша Ұлыбритания, Италия, Франция көш бастап тұр. Енді бұл елдерде арнайы жолдарды кеңейтіп, велосипедті жөндетуді мемлекет есебінен жүзеге асыруды ойластырып жатыр. Бірақ қанша тырысса да, Дания әлемдегі велосипедті ең жиі пайдаланатын көшбасшы ел болып қала бермек. Біз «Ит – адамның – досы» десек, даниялықтар: «Адамның ең жақын досы – велосипед», - деп санайды. Тұрғындардың 90%-інің жекеменшік велосипеді бар. Екінші Голландия. Бұл елде адамнан велосипед көп. Шамамен 17 млн тұрғыны, 21 млн велосипеді бар дейді. Үштікті Германия түйіндеп тұр. Бір қызығы, бұл елде велосипед тебушілерге қойылатын талап жоғары. Тәртіп бұзса, көлік жүргізушілермен қатар жауапқа тартылады. Бірақ соған қарамастан халықтың басым бөлігі велосипед тебуге құмар. Әрі қарай Финляндия, Швейцария деп кете береді.
Елубай Әбдиев, 73 жастағы қария:
- Мен өзім осы іспен айналысып жүрген соң, күнделікті көріп жүрмін. Сондықтан жастарға айтарым, велосипед тебумен шұғылданыңдар, денелеріңді шынықтырыңдар. Сау-саламат азамат болып өсулеріңе тілектеспін.