Елімізде қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп келеді
Тәуелсіздік алғалы бері осы төл спорт түрі ұлттық брендке айналды десек артық айтқандық емес. Бүгінде қазақ күресінің бәсі биік. Ол ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік материалдық емес мұралар тізіміне де енгізілген.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Беренді кидік, белді бекем будық. Қазақ күресі жайлы айтқанда арнайы спорт залына соқпай өте алмадық. Осындағы көппен бірге мен де бір жаттығып қалайын.
Тарихи әрі ауыз әдебиетіндегі деректерге қарағанда қазақтың ес таныған әр баласы күреске етене жақын болған. Бабаларымыз оны жекпе-жек, арысқа шығу, «Құшақ күрес» «Белбеу күрес», күш сынасу, балуан бәйге деп әр түрлі атаса керек. Ал кей батырлар тіпті өгіз көтеріп жаттыққан деседі. 20 ғасырда оның бәрі бір жүйеге келтіріліп, «қазақ күресі» деген атаумен бекіді.
Ерғали Мұхитдинов, Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті:
- 1955 жылы оның тұғыш ережесі шықты. 1970 жыл қазақ күресі бөлімі ашылды. 1970 жылы қазақ күресінен еңбегі сіңіген спорт шебері атағы беріле бастады.
Тәуелсізідік алған тұста бұл іс тіпті жанданды. Ерғали Мұхитдинов Қазақ күресі федерациясының тұңғыш президенті болды. Сол кезде басталған игі істі кейінгі ұрпақ жалғап, жетілдіріп жатыр.
Бақдәулет Маратұлы, Қазақ күресі қауымдастығының дамыту ісі жөніндегі директоры:
- 2006 жылы бізде алғашқы әлем чемпионаты өтті. Одан бері ондаған әлем, Азия чемпионаттары, Еуропа чемпионаттары мен әлем кубогы жоғары деңгейде өтіп келе жатыр.
Қазақ күресін жалпақ жұртқа насихаттап, әлемдік деңгейге көтерілуіне үлкен еңбек сіңірілді. Ол үшін шетелдерде Қазақ күресі федерациясы құрылып, ұлттық спорттың ережесі бекітілді.
Бақдәулет Маратұлы, Қазақ күресі қауымдастығының дамыту ісі жөніндегі директоры:
- Федерацияның саны бүгінде 32-ге жетіп отыр. Алдағы уақытта Румыния еліне бара жатырмыз. Ол елде де құжаттар дайын. Қазақ күресі федерациясын ашып кетеміз. Меже – елде тұрақты түрде жұмыс істейтін федерациямыз болуы керек.
Боз кілемде менің де делебем қозып, жаттықтырушыдан бірнеше әдіс үйреніп алдым. Залдағы төсеніш те денені тітіркендірмейді екен.
Нұрдәулет Нұрболұлы, қазақ күресінен жаттықтырушы:
- Бұл – арнайы жасалған қазақ күресі кілемі. Бүйрекке, бұлшық етке ауыртпалық жасамайды. Бұрынғы кілемдер теріге зақым әкелетін. Шұлықпен жүрсек таяды. Мұны өз ғалымдарымыз ойлап тапты.
«Соңғы жылдары қазақ күресінің көкжиегі кеңейіп келеді», – дейді мамандар. Мәселен, 1992 жылы спорттың осы түріне 40 мыңдай балуан еліткен болса, қазір боз кілемде белдесушілер саны 116 мыңға жеткен. Ал былтырдан бері елордадағы 23 мектепте қазақ күресі қосымша пән болып бекітіліпті. Әрине, оған қатысу, қатыспау оқушының еркінде.
Нұрсұлтан Бауыржанұлы, қазақ күресінен жаттықтырушы:
- Мен өзім жаттығуды №98 мектепте өткіздім. Қазақ күресімен айналысатын шәкірттеріміз бар. Бір жылдың ішнде осы шәкірттеріміз жүлдегер, жеңімпаз болып жүр.
Ерәлі Қабдінасыр, жас шәкірт:
- Осы күреспен айналысып жатқаныма екі жыл болды. Екі жарысқа қатысып, екеуінде де екінші орын алдым. Арманым – Қазақстан барысы атану.
Иә, «барыс» дегенде әрқайсымыз әңгіме күрес жайында екенін түсінеміз. Бүгінгі таңда күрес те түрленген. «Өнер барысы», «ұстаз барысы», «жас барыс», «әскер барысы» деп кете береді. Бұл жарыстың дені ел ішінде өтеді. Ал халықаралық және әлемдік додалардың орны бөлек. Ондағы бәсекенің бәсі де биік.
Нұрсұлтан Бауыржанұлы, қазақ күресінен жаттықтырушы:
- Өзбек бауырлар мен Моңғолияның спортшылары қазақ күресін жақсы меңгерген, олар бізге кәдімгідей бәсеке. «Еуразия барысында» Моңғолияның балуаны жеңіске жетті.
Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Ендігі мақсат – қазақ күресін олимпиада ойындарының қатарына қосу. Мамандардың айтуынша, бұл мақсатқа алдағы 15-20 жылда қол жеткізуіміз әбден мүмкін.
Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин