«100 шақырым+» онлайн жүгіру челленджіне қатысушылар саны артып жатыр
Заманауи технологиялар қашықтық пен жүгіру жылдамдығын бақылап қана қоймай, еліміздің кез келген тұрғынына бұқаралық жарысқа қатысуыға жағдай жасап отыр. Онлайн үрдістің тиімділігін Медет Сағындықов та құптайды. Республикалық марафонға интернет қосымшасы арқылы тіркеліп, спорттағы жетістігін байқап көрмекші.
Медет Сағындықов, спортшы:
- Ауырып қалғаннан кейін денсаулығымды дұрыстаймын деп аптасына 1-2 рет жүгіруге шыққан болатынмын. Сол әдетке айналып кетті. Содан жүйелі түрде жүгіріп, қазір денсаулығым жақсы.
Марафон басталғалы Медет Сағындықов 65 шақырымды бағындырды. Тиісті межеге қазанның соңына дейін жетуді көздейді. Республикалық челлендж қорытындысы шыққанша тағы 100 километрді еңсеру ойда бар. Осы уақыт аралығында әуесқой спортшыны қолдап, бұқаралық жүгіруге қосылған жандар да табылды.
Аслан Байтөбетов, Хромтау қаласының тұрғыны:
- Ағам Медеттің жүгіргені маған үлгі болды. Мынадай марафонның өтіп жатқанын да айтқан сол. Көпшілікке қосылып, спортпен белсенді шұғылданайын деп шештім. Ал бір жарым миллион теңге ұтыс ынталандыру сыйақысы деп ойлаймын.
Әуесқой спортшылардың айтуынша, жүгіру – спорттың ең тиімді түрі. Себебі ол үшін тек ыңғайлы аяқ киім мен ықыластан өзге еш нәрсе қажет емес. Аталған байқауға кез келген қазақстандықтың қатысуына болады. Ол үшін жобаға тіркеліп, мобильді қосымшаны көшіріп алу керек. 1 қазан мен 30 қараша аралығында 100 шақырымды бағындырғандар ақтық сынға жолдама алады. Жүлде қоры – 1 500 000 теңге.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев