Үлкен теннис қашан дамиды?
Орал қаласындағы осыдан 8 жыл бұрын салынған теннис орталығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сенімгерлік басқаруға беріледі. Тендер өткізіліп, жеңімпаз анықталған. Жеке инвестор ғимараттың ішкі-сыртқы жөндеу жұмыстарына 56 миллион теңге инвестиция құймақ. Шетелден білікті жаттықтырушы-маман шақырту да жоспарланған. Енді облыстық мәслихат шешімімен мемлекеттік міндеттемелер қабылдануы тиіс. 5 жылда спорт мектебінің қалыпты қызметіне бюджеттен 881 миллион бөлу жоспарланған. Өз кезегінде депутаттар мемлекет қаржысына салынған нысанның жекеге берілуіне қарсы. «Менеджментті жолға қойса, мемлекеттік меншіктегі мектеп те табыс әкелер еді», — дейді халық қалаулылары.
Тұрарбек Тілемісов, облыстық мәслихат депутаты:
-50 млн салады деп 1 млрд 100 млн беріп қоямыз ба? Қалай болады ол? Анадай ақша түссе, спорт басқармасы өздеріңіз неге істемейсіздер? Жалпы осы принцип қайдан шыққан, жап-жаңа нысандарды жұртқа бересіздер. Басқара алмасаңыздар неғып жүрсіздер ана жерде?
Жеңіс Нығметуллин, облыстық Спорт басқармасы басшысының орынбасары:
-Бізде үлкен теннистен жаттықтырушы жоқ. Неге жоқ? Себебі айлығы өте қымбат келеді. Оның мемлекеттен берілетін айлық көлемі ол заңнамамен белгіленген 200 мың теңгеден біз асыра алмаймыз. Ал жеке кәсіпкерге өткен жағдайда жеке кәсіпкердің алдына сондай талап та қойып отырмыз.