Бокстан әлем чемпионаты: төрт қазақстандық спортшы алтын алды
Өткен демалыс күндер қазақстандық спортсүйер қауым үшін жарқын жеңістерге толы болды. Алдымен Америкада кәсіби боксшымыз Жәнібек Әлімханұлы канадалық қарсыласын нокуатпен жеңіп, Әлем чемпионы деген атағын сақтап қалса, Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатында төрт бірдей боксшымыз алтыннан алқа тағынды. Тағы бір былғары қолғап шебері күміс жүлдеге қол жеткізді. Оларды Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі құттықтап, мұны патриотизмнің жарқын үлгісі деп бағалады. Спортшыларымыз елге оралды. Олжалы келген боксшыларды жанкүйерлері мен туған-туыстары қарсы алып, зор құрметке бөледі. Мырзағали Айтжанов бастаған Қазақстан құрамасының жігіттері халықтың көптен бері күтіп жүрген қомақты жүлдесін алып келді. Енді олардың әрқайсына және бапкерлеріне 15 мың доллардан сыйақы төленеді. Сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясы тарапынан – 100 мың, ал, AIBA-дан 200 мың доллар беріледі.
Махмұд Сабырхан, бокстан әлем чемпионы:
- Бұл жеңісімді қазақ еліне арнаймын. Рақмет осылай бізді қолдап жатқандарыңызға. Алла қаласа алда әлі талай жарыстар бар, белестер бар. Босамаймыз. Алла қаласа Олимпиада шыңын бағындырамыз деген мақсатым бар.