Шахматшы Алуа Нұрманова әлем чемпионын жеңді
Алматылық 16 жастағы шахматшы Алуа Нұрманова Pro Chess League финалында қазіргі әлем чемпионы қытайлық Цзюй Вэньцзюнді жеңіп, командалық есепте бірінші орынға қол жеткізді. «Бұл — біз күтпеген жеңіс», — дейді жас шахматшы. Әлем чемпиондарымен шаршы тақтадағы кездесуде барын салған ол басымдықпен жеңіске жетеді. Алуамен бір командада гроссмейстер Хикару Накамура, Владимир Федосеев және Шамсиддин Вохидов ойнады. 1 ақпаннан 15 мамыр аралығында онлайн өткен шахмат лигасының ақтық кезеңіне төрт команда бақ сынады. Шешуші сайыста командасына жеңіс сыйлаған Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Алуа Нұрманова шахматтан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ендігі жоспар — әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер нормаларын орындау.