Еркін күрестен қазақтың алғашқы әлем чемпионы елге оралды
Еркін күрестен Қазақстанның тарихында тұңғыш әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан Алматыға келді. Ризабекпен бірге осы турнирде қола медальға ие болған Азамат Дәулетбеков те елге оралды. Оларды күтіп алуға халық көп жиналды. Туған-туыстары, журналистер, кезінде өзі оқыған спорт мектебінің оқушылары Ыстамбұлдан келетін рейсті тағатсыздана тосты. Әскери ансамбль де осында.
Белградтағы турнирде жауырыны жер иіскемеген Ризабек финалда әзербайжандық палуан Осман Нурмагомедовты 5:2 есебімен жеңіп, еліміздің көкбайрағын қалықтатып, Әнұранын шырқатты. Қазақ спортының тарихында жаңа белесті бағындырған 19 жастағы Ризабекке халық дән риза. Чемпион аздап тыныққан соң жаттығуды қайта бастайтынын айтты. Белградтағы байрақты бәсеке әлі жалғасып жатыр. Грек-рим шеберлері және қыздарымыз боз кілемде атой салып, Ризабектің жеңісті жолын жалғастырады деген үміттеміз.
Ризабек Айтмұхан, еркін күрестен әлем чемпионы:
- 2019 жылы осы Астанада өткен әлем чемпионатында мен ерікті болып жұмыс істегем. Өздеріңіз де білесіздер, видео да бар. Мен осы әлем чемпионатында күреске палуандардың ақтық белдесуінде сол кілемді сүрткем. Мен сол кезде шынымды айтсам ойлаған жоқпын әлем чемпионы боламын деп.