Хабар телеарнасы

Қазақстан боксшылары Парижге 21 шілде күні аттанады

Мырзағали Айтжанов шәкірттері қазір Түркістан облысында Олимпиада алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Ұлттық команда Франция астанасындағы кешенді сынға толық құрамда қатысады. 7 жігіттің арасында лицензияға соңғы болып Мұхаммедсабыр Базарбайұлы қол жеткізген еді.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Олимпиадаға іріктеу жолында жанкештілік танытты. Алдымен Италиядағы турнирде сүрініп, лицензиясыз қалды. Бірақ жасымады. Астанадағы ішкі сайыста басты қарсыластарынан басым түсіп, келесі жарысқа қатысуға мүмкіндік алды. Мамыр айында Таиландтағы әлемдік іріктеу бәсекесі де жерлесіміз үшін сәтсіз басталды. Кубалық Эрисланди Альварес Мұхаммедсабырдың алдын орап кетті. Қосымша жекпе-жекте де қазақ жігітінің мерейі үстем болып, 63,5 келі салмақтың жолдамасын еншіледі.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы Париж Олимпиадасына соңғы болып жолдама алғанымен, Франция астанасындағы жарысты бірінші бастайды. Қазақ жігіті шаршы алаңға 27 шілдеде шығады. Қазір 63,5 келіде бәсекелестік күшті. Француз Софиьян Умиа өз елінде топ жаруды көздейді. Грузин Лаша Гурули мен тәжік Баходур Усмонов және кубалық Эрисланди Альварес те жүлдеден дәмелі.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
-Мырзағали Айтжанов шәкірттері Парижде жеңісті дәстүрді жалғастырып, жанкүйерлер сенімін ақтауға тырысады. «Құрамадағы жігіттердің барлығы да жақсы дайындықпен барады. Олимп шыңына ең мықты спортшылар ғана шығады. Біз де аянып қалмаймыз»,— дейді бас бапкер.

Париждегі әйгілі Салтанат қақпасы маңында қазақ спортшыларының суреттері пайда болды. Фотокөрмені Қазақстанның Франциядағы елшілігі, спорт министрлігі мен Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырған. Құрамадағы 12 спортшының суреттері тура дипломатиялық мекеменің қақпасында ілулі тұр. Париж қаласындағы жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстанның 80 спортшысы 25 спорт түрінен бақ сынайды.

Парижде ресми түрде Олимпиада қалашығы ашылды.
Оған шетелден келген спортшылар біртіндеп қоныстанып жатыр. 52 гектар аумақты қамтитын қалашыққа 14 мың адам жайғасады. Спортшылар мен делегаттардың қауіпсіздігін 4 мың тәртіп сақшысы қамтамасыз етеді. Бұл аумақта үйлерден бөлек жаттығу залдары, емхана мен допингке қарсы орталық орналасқан. Нысанды салу үшін 2 миллиард еуро жұмсалған. Олимпиада ойындары аяқталғаннан кейін үйлердің үштен бірі мемлекеттік баспана ретінде пайдалануға беріледі.