Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Елбасы қазақстандықтарға арнап үндеу жолдады. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мәтінде: «Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқиғалардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек», – делінген.
Саяси репрессия қазақ қоғамының элитасын жаппай қырғынға ұшыратты. Президент атап өткендей, 103 мың адам сотталып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілді.
«Орасан шығынға ұшырағанына қарамастан, біздің халқымыз өзінің бірегей ұлттық болмысы мен асыл қасиеттерін сақтап қалды. Бірақ еліміз басынан өткен осынау сұмдық сынақтарды ешқашан ұмытпайды және ең ұлы қазына – Тәуелсіздікті бағалап, сақтай біледі», – дей келе, Мемлекет басшысы Қазақстандағы әлеуметтік бірлік, елдің тұрақты экономикасы мен биік халықаралық абырой-беделі халқымызды бастан кешкен зобалаңдардан сақтай білетін сенімді кепіл болып саналатынын атап өтті.
«Өткен ғасырдың қасіретті кезеңдерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз», – делінген Елбасының үндеуінде.