«Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша референдум учаскелерінен шыққан азаматтар арасында сауалнама жүргізіледі

  • 7
  • 13.03.2026, 14:33

«Хабар» Агенттігі» АҚ 2026 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өтетін республикалық референдум күні exit poll (дауыс беру учаскелерінен шыққан азаматтар арасында сауалнама) өткізуді ұйымдастырады.

Зерттеуді «Хабар» агенттігінің тапсырысы бойынша Еуразиялық интеграция институты жүргізеді. Сауалнама нәтижелері дауыс беруге қатысқан азаматтардың қоғамдық пікіріне қатысты жедел социологиялық ахуалды анықтауға мүмкіндік береді.

Зерттеу аясында елдің барлық 20 өңіріндегі 200 референдум учаскесінен шыққан 30 мың қазақстандыққа сауалнама жүргізу жоспарланып отыр.

Еуразиялық интеграция институты 13 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда және шетелдерде қоғамдық-саяси үдерістер мен азаматтардың электоралдық мінез-құлқын зерттеуге бағытталған кешенді социологиялық және саяси зерттеулер жүргізіп келеді. Алынған деректер ғылыми тұрғыдан құнды болып табылады және қоғамдық үрдістерді талдау мен алдағы зерттеулерде пайдаланылады.

Бұған дейін Институт маңызды электоралдық науқандар кезеңінде exit poll жүргізген. Атап айтқанда, 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында, сондай-ақ 2024 жылғы 6 қазанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдум барысында осындай зерттеулер ұйымдастырылған.

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі бойынша өтетін республикалық референдум ел үшін стратегиялық маңызға ие және қоғам мен мемлекеттіліктің одан әрі даму бағытын айқындайды.

Exit poll өткізу қоғамдық диалогтың ашықтығын қамтамасыз етуге және дауыс беруге қатысқан азаматтардың пікірін объективті түрде көрсетуге бағытталған.