Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы. Ата Заңның тұжырымдамалық өзгерістерінде осылай жазылған. «Адам құқықтары мен бостандықтары басты орынға қойылып, жеке тұлғаның құқықтары Конституциялық деңгейде қорғалады», - дейді сарапшылар.
Бүгінде мемлекеттік қызмет түрлері, білім беру, медициналық көмек немесе банктік операциялар цифрлық кеңістікте жүзеге асырылып жатыр. Осы процестер барысында азаматтар өздерінің іздерін қалдырады. Ол жеке сәйкестендіру нөмірі, электрондық қолтаңба және басқа да деректер. «Сондықтан цифрлық деректердің конституциялық деңгейде бекітілуі аса маңызды», - дейді сарапшылар.
Шолпан Саймова, ҚР ПІБ жанындағы «Парламентаризм институты» орталығының басшысы, PhD:
- Барлығы осы цифрлық кеңістікте деректерді алмасу арқылы қолданылып жатыр. Әрине, бұл деректерді алаяқтардың қолдарына түсіп қалмас үшін немесе киберқауіпсіздік мәселелерін реттеу үшін иерархиясы ең жоғарғы нормативті-құқықтық акт Конституцияның аясында реттелуі бұл өте маңызды. Қазіргі таңда осы жобаның мәтініне көз жүгіртетін болсақ, 21 бап пен 23 баптың аясында реттеліп жатыр.
Жаңа Конституция жобасында халық – мемлекеттің егемендік иесі және биліктің бірден-бір көзі ретінде көрсетілген. Бұл дегеніміз маңызды шешімдер мен реформалар халықтың қатысуымен жүзеге асуы тиіс. Аталған норма демократиялық құндылықтарды нығайтып, қоғам мен билік арасындағы жауапкершілікті күшейтеді.
Амангелді Есбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жаңа жобада биліктің бастауы – халық, бірақ сол билігін жүзеге асыруды ол мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырады. Өзі жүргізеді. Тек мемлекеттік орган арқылы жүзеге асырады. Яғни билік өзінің қолында және «Егемендік иесі» деп келтіреді. Бұл бір жағынан осы жаңа жоба бізде адамның, азаматтың құқықтары мен бостандықтарын мүлтіксіз орындалуы мен сақталуын қамтамасыз етеді. Жаңағы «Егемендік иесі» деген – бізге жүктелген үлкен міндет.
Бүгінде депутаттар өңірлерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Жаңа жобаны қолдағандар көп. «Әсіресе жастар адами капитал, білім, ғылым, инновация және мәдениет саласына қатысты нормаларды құптап отыр», - дейді Мәжіліс депутаты.
Ислам Сұңқар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Одан басқа, «еңбек құқығы» деген түсінік енгізіп отырмыз. Қазіргі таңда елімізде түлектердің 70 пайызына дейін мамандығы бойынша жұмыс істейді, 30 пайызы мамандығы емес бойынша жұмыс атқарып жатыр. Ал еңбек құқығы белгіленгеннен кейін менің ойымша, алдағы уақытта мемлекеттің азаматтарға тиісті жұмыспен қамтамасыз ету жағдайларын жасау міндеттеледі.
Конституцияның жаңа редакциясында 77-бапқа өзгеріс енгізіліп, оның 84 пайызы жаңартылды. «Бұл қазіргідей аумалы-төкпелі кезеңдегі уақыт талабы», - дейді сарапшылар.
Алуа Маханбет, Аманжол Байғазин