Цифрлық технологиялар ақпарат айдыны мен қоғам өміріне дендеп енгелі дәстүрлі журналистика әлеуметтік желілердің көлеңкесінде қалып барады деген пайым бар. Алайда ақпарат құралдары замана көшіне ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатарлы цифрлық шешімдерді енгізуде. Роботтандырылған студиялар мен жасанды интеллект игіліктері телевизия жұмысындағы күнделікті дағдыға айналған.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Цифрлық технологиялар мен телевизия – егіз ұғымдар. Бұл «Хабар» Агенттігі телестудияларының бірі. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда 24 KZ телеарнасының жаңалықтары жүріп жатыр. Мұндағы процесстердің барлығы автоматтандырылған. Яғни адамның жұмысы қажет етілмейді.
10 жыл бұрын бұндай технология отандық телевизиядағылардың түстеріне де кірмеген. Бірақ «Хабар» Агенттігі роботтандырылған студияны 24 KZ арнасында 2017 жылдан бері қолданып келеді. Себебі:
Аягүл Әлібекова, режиссер:
- Бұл студия бізде 24 сағат бойы жұмыс істей алады. Мысалы, қандайда бір, жылдам, шұғыл ақпарат беретін болса, өзіміз келіп, материалды қойып, роботтандырылған болғандықтан, автоматты түрде өзіміз эфирге шыға бере аламыз. Біздің энергиямыз, жүйке жүйеміз кішкене болсын сақталады, себебі бұл жерде өзіміз ғана операторсыз жұмыс істейміз.
Жасанды интеллекті кез келген жанның серігіне айналған уақытта медиа саласы жаһандық құбылыстан сырт қалсын ба? Кез келген үлкен мекеме үшін жұмысты үйлестіруден бастап, техникалық және зияткерлік ресурсты тиімді пайдалану – үлкен мәселе. Бірақ «Хабар» Агенттігі үшін емес.
Лаура Хакимова, AI-технологиялар және цифрлық жобалар бөлімінің басшысы:
- Біз бірыңғай цифрлық платформаны құрып жатырмыз. «Хабар» хаб платформасында мәтінді дыбыстау немесе аудио мен видео транскирбациясы, яғни қағазға түсіру, контентті генерациялау, графика және монтаж жұмыстарына көмекші құрал ретінде жасанды интеллектіні енгіздік. Сонымен қоса жалпы ішкі жұмыстарды автоматтандырып жатырмыз. Ол медиа өндірісіндегі процесстермен үйлестіру жұмыстарын анағұрлым оңтайландыруда.
Алуа Маханбет, журналист:
- Түсірілімнен келген әрбір журналист үшін ең маңыздысы – сұхбат берушінің сөздерін мәтінге түсіру. Бұрындары бұл кәдімгідей уақыт алатын. Ал қазір ЖИ көмегімен сұхбат берушінің сөздерін бірнеше секундтарда қағаз бетіне түсіруге болады. Әрине, бұл өте ыңғайлы.
Медиа өнімін жасаудағы ең күрделі жұмыстың бірі – графикалық дизайн. Дизайнерлер таңды таңға, түнді түнге жалғап жұмыс істеп келді. Енді олардың да көмекшісі бар.
Жібек Смаханова, RT графика дизайнері:
- Идеяларды жылдам табу, суреттер, эскиз, дизайнды жылдам орындауға көмектеседі. Ең басты плюсі – сол уақытты үнемдейді.
Ақпараттық технологиялар дәуірінде конвергентті журналистика алдыңғы шепке шықты. Бұрын дәстүрлі медианың өкілдері қоғамның жаршысы болса, қазір технологияның барлығы телефонға түскелі әркім ақпарат таратушы бола алады. Бәлки, сол себепті де телеарна, радио мен басылымдар әлеуметтік желіге жол бере бастады деген пікір қалыптаса бастаған. Бірақ:
Ерлан Атамбай, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Бізде дәстүрлі журналистикада кез келген ақпаратты кемінде үш, тіпті одан да көп дереккөз арқылы тексеру талабы бар. Біз осы қағиданы міндетті түрде ұстанамыз. Қазіргі кезде кез келген платформаны немесе әлеуметтік желіні қарасаңыз, ақпараттың рас-өтірігін ажырату қиын.
Жалған ақпарат тарату тым белең алып кетті. Ал дәстүрлі журналистика мұндайға ешқашан жол бермейді. Біздің басты ерекшелігіміз де – осы.
Әлбетте конвергентті журналистика мен дәстүрлі медиа өзара бақталас емес. Себебі цифрлық технологиялар мен ЖИ игіліктері ол алшақтықты да еңсере бастады. Яғни:
Сағыныш Әбікей, тележурналист:
- Өте жылдам, тез шұғыл қимылдауымыз керек. Бұрынғыдай емес, мысалға, тілші тек қана стэндабын жазып, материалына барып, съемкасына жүгіріп жүру емес, ол тілші сол жерде тұрып, әлеуметтік желіге де салып жатуы керек. Жүргізуші де дәл солай.
Озық технологиялар сайып келгенде, ақпараттың жылдамдығы мен тазалығына татым болатын игіліктер. Ал журналистиканың қай бағытында болмасын басты құндылық – адам болып қала бермек.
Берік Дүйсенбай, Болотбек Табалдиев, Әлібек Әлиев