«Тең диалог»: Ерлан Бекхожин жас журналистермен кездесті
Еліміздің ірі медиа-холдингінің туған күніне орайластырылған кездесуде БАҚ қызметкерлерінің қазіргі кездегі рөлі талқыланды.
Ерлан Бекхожин «Хабар» Агенттігіндегі тәлімгерлік идеясын дамыту шеңберінде қатысушылармен пікір алмасып, сұрақтарға жауап берді. Басқарма Төрағасы жас мамандарға журналистиканың түрлі бағыттарында жұмыс істеу арқылы өз тәжірибелеріне көңіл бөлудің маңызын айтты. Сонымен қатар журналист қызметінің ынтамен ұйымдастырылуы қажеттілігін атап өтті.
«Жастармен кездесу ұйымдастыру не үшін маңызды? Біздің болашағымыз – Cіздер! «Хабардың» әрі қарай өркендеп, дамуы сіздерге байланысты. Журналистика күннен-күнге өзгеріп жатыр. Біздің болашақ ұрпағымызды қызықтыратын мәселелерді білгім келді. Жас журналистер қызығушылық пен мүдделілік сияқты қасиеттерді дамытуға ерекше назар аударулары шарт. Журналист – бұл үнемі ойлануды талап ететін күрделі мамандық», – деді Ерлан Бекхожин.
Сонымен қатар 23 қазан күні сағат 23:15-те «Хабар» арнасында тележурналистика туралы алғашқы отандық телехикаяның тұсаукесері өтеді. Тележоба телевизиядағы жұмыстың қызықты тұстары туралы баяндайды.
Айта кетейік, биыл «Хабар» Агенттігі өзінің 26-шы туған күнін атап өтуде. «Хабар», «Хабар 24», EL ARNA және Qazaq TV телеарналарын біріктірген медиа-холдинг қазіргі кезде БАҚ қызметкерлерінің «ұстаханасының» рөлін атқарып келеді. Танымал журналистердің бірқатары өзінің қызмет жолын «Хабар» Агенттігінен бастаған. Тәлімгерлік тәжірибесі бүгінде «Хабар» Агенттігінің корпоративтік мәдениетінің бір бөлігіне айналды.