«Хабар» арнасы көрермендеріне «Асыл домбыра» жобасын ұсынады
Телевизиялық жобада 60 айтыскер ақын 20 командаға бөлініп, өз өңірлерінің намысын қорғайды.
Жеңген топ асыл тастармен көмкерілген ерекше домбыраны иеленеді.
Бұл айтыс өзге айтыстардан өзгерек. Ақындар команда болып айтысып «Асыл домбыраға» таласады. Олардың айтуынша, көтеретін тақырып көп. Себебі қоғамда түйіткіл мәселе де, жетістік те баршылық. Қатысушылардың осалы жоқ. Ұйымдастырушылар айтыскерлер одағымен кеңесе отырып кіл мықтыны жинаған. Қатарында Мұхтар Ниязов, Еркебұлан Қайназаров, Жансая Мусина , Рүстем Қайыртайұлы сияқты дүлдүлдер бар.
Рауан Оқас «Асыл домбыра» жобасының продюсері:
-Хабармен бірлесе отырып командалық жарысты жасауды ұйғардық. Командалық айтыс ерекше. Әр ақын өзінің облысының, қаласының намысын қорғайды. Елдің намысын арқалап келгеннен кейін жауапкершілік сезінеді. Біз беретін Асыл домбыра бұйырса сол жақтың жергілікті музейіне тапсырылады.
Сондықтан мегажоба халықтың әр апта сайын асыға күтетін бағдарламасына айналмақ. Айтысқа Жүрсін Ерман бастаған Маржан Есжанова, Бауыржан Қалиолла, Ринат Зайытов сияқты ақындар мен өнер жанашыры Дулат Тастекей қазылық етеді.
Дулат Тастекей, қазылар мүшесі:
-Ерекше, тың жоба. Бұл жерде ақын мен ақын айтысып, ақын мен ақынды жеңу емес, команда мен команданың жеңуі. Сондықтан да 3 ақын айтысқан кезде 3 ақынның екеуі жеңетін болса, сол өңір жеңді деген түсінік қалыптасады.
Сондай-ақ, «Асыл домбыра» мүмкіндіктер жобасы болмақ. Бағдарлама айтыс өнеріне жаңа есімдерді шығаруды көздейді. Бұрын айтысқа 10-12 ақын қатысып келсе, бұл жолы 60-ы бірдей өнерін ортаға салады.
Рүстем Қайыртайұлы, айтыскер ақын:
-Біз енді командамызда жақсы шығып жүрген Қазірет Бердіхан, Шұғаев Сезімхан 3 ақынбыз. Кез келген облыспен кез келген қарсыласпен айтысуға дайынбыз. Осы жаңа маусымда әрбір үйдің төрінде «Хабар» арнасы саңқылдап тұрады деп өз басым есептеймін.
Айта кетейік, оза шауып финалға шыққан командалардың ешқайсысы сыйлықсыз қалмайды. Жеңгені «Асыл домбыра» мен қоса ақшалай сыйлық алады. Екінші және үшінші орындарды екіден төрт команда бөліседі. Телевизиялық жоба «Хабар» арнасынан 3 қыркүйек күні шығады деп жоспарланып отыр. Яғни, әр сенбі сағат 18.00-де «Асыл домбыра» ақындар айтысын тамашалауға болады. Жоба осы жылдың соңына дейін жалғасады.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Мұхит Құдықбаев