Astana Media Week: «Хабар» агенттігі өткізген питчинг жеңімпаздары анықталды
Питчинг жастар аудиториясына (14 жастан 29 жасқа дейін) бағдарланған телевизиялық жобаның үздік идеясын іріктеу мақсатында өз телеарналары үшін жаңа телевизиялық бағдарламаны (фильм, сериал) одан әрі өндіріске тарту мүмкіндігін беру үшін ұйымдастырылды.
Питчингке барлығы 47 өтінім түсті. Шараның бірінші кезеңі 2022 жылдың 17-24 қазан аралығында өтті. 1 кезеңнің қорытындысы бойынша 8 жоба іріктелді. Олардың ішінде: зияткерлік және әлеуметтік жобалар, ток-шоулар, музыкалық шоулар, мотивациялық сериалдар және деректі драма.
Питчингтің екінші кезеңі 26 қазан күні өтті. Телевизиялық жобалар идеясын көпшілікке таныстыру қорытындысы бойынша бірнеше жеңімпаз анықталды. Солардың ішінде Қазбек Рүстембеков, Еламан Шаубанов, Дүйсен Калымжановтардың «Герои среди нас» әлеуметтік жобасы, Бахтияр Арынғазинның «IQ дебаты» атты интеллектуалды жобасы, Нұржан Салимовтың «Сен жайлы cover» атты музыкалық жобасы үздік деп танылды.
Жастарға арналған үздік телевизиялық жобалар үшін жеңімпаздарға сертификат табысталды. Үздік сценарийлер бойынша әзірленген материалдарды «Хабар» және «Хабар 24» телеарналары көрсетеді. Айта кетейік, жыл сайын өтетін ашық питчинг медиа өндіріс саласында таланттарды табуға мүмкіндік беретін құралдардың бірі.