Хабар телеарнасы

«Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы АBU Әкімшілік кеңесінің 115-отырысына қатысты

«Хабар» агенттігінің Басқарма төрағасы АBU Әкімшілік кеңесінің 115-отырысына қатысты

«Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли Ыстамбұлда Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) Әкімшілік кеңесінің 115-отырысына қатысты.

Айтулы іс-шараға ұйымға мүше 17 елдің өкілдері қатысып, ABU-дың даму барысын талқылап, жаңадан сайланған Бас хатшының есебін тыңдады. Сондай-ақ ұйымның халықаралық статусы, сырттан шақырылатын қызметкерлерді жұмысқа алу тәртібі, Бас хатшылықты басқа елге көшіру сияқты мәселелер қаралды.

ABU Әкімшілік кеңесі отырысы аясында «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы Берік Уәли Түркия радио-теледидар мекемесі - ТРТ компаниясының төрағасы Мехмед Захид Собаджымен кездесу өткізді. Әңгіме барысында екі елдің алдыңғы қатарлы хабар таратушы компаниялары арасында әріптестік қарым-қатынасты нығайту жайы қозғалды. Оның ішінде контент құқықтары жөнінде келісім-шарттар жасасу, балаларға арналған анимация өнімдерін және телехикаялар алуда жеңілдіктер беру, контент алмасу тетіктерін жетілдіру қажеттігі айтылды. Осы орайда «Хабардың» төл өнімдерін TRT платформасына шығару мүмкіндігі де қарастырылды. Кездесу соңында «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасы ұйымдастырушы тарапқа ұлттық аспап – қазақтың қара домбырасын тарту етті.

ABU – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы хабар тарату ұйымдарының кәсіби бірлестігі. Құрамына 70-ке жуық елдің қоғамдық және коммерциялық хабар таратушылары, ұлттық хабар тарату ұйымдары кіреді. Ол 1964 жылы аймақтағы хабар таратуды дамытуға жәрдемдесіп, ұйым мүшелері арасында жаңалықтар мен бағдарламалар алмасуды жеңілдету мақсатымен құрылған.