«Хабардың» фильмі алғаш рет шетелдік кинопрокатқа шықты
Бішкекте «Келінжан» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. «Хабар» агенттігінің тапсырысымен түсірілген фильм алғаш рет шетелдік кинопрокатқа шықты. Фильм қырғыз тіліне аударылған.
Фильмнің жабық көрсетіліміне Қырғыз кинематография департаментінің жергілікті БАҚ-тың өкілдері мен блогерлер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қырғызстандағы Елшілігінің қызметкерлері мен «Хабар» Агенттігінің өкілдері қатысты.
«Бұл «Хабар» Агенттігінің өз өнімін алғаш рет басқа тілде дубляж жасап, шетелге шығаруы. «Келінжан» сериалын YouTube платформасында көп көрген, жақсы пікірілер жазып, қызығушылық танытқан қырғыз аудиториясы болғандықтан, толықметражды фильмді қырғыздардың ана тіліне аударып, сол елде көрсету туралы шешім қабылданған болатын. Серіктес компанияның мәліметіне сүйесек, «Келінжанның» көрсетілетіні туралы ақпаратты халық өте жақсы қабылдаған», - деді «Хабар» Агенттігі АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков.
Фильмнің бас продюсері Гүлнұр Мамасарипова, басты рөлдерде ойнайтын актерлер – Рүстем Жаныаманов пен Сара Амангелді және «Этномедиа Плюс» жауапкершілігі шектеулі қоғамының бас директоры Суйун Откеев сөз сөйлеп, «Келінжан» фильміне қатысты пікірлері мен жылы лебіздерін білдірді.
Айта кетейік, Бішкектегі «Космопарк» ойын-сауық орталығының кинотеатрында жабық көрсетілімі өткен «Келінжан» фильмінің премьерасы бүгін Бішкек, Ош, Тоқмақ және Жалалабат қалаларының 15 кинотеатрында көрсетіледі.
Данияр Меңілбеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:
- «Хабар» агенттігінің өзі осы жылдар ішінде 120-ға жуық телехикая түсірді. Олардың сериясының жалпы саны 1100-ден асады. Яғни қазір бізде жыл өткен сайын оларға көрерменнің талғамы да артып келе жатыр. Соған байланысты әзірлеріп жатқан, түсіріліп жатқан телеөнімдердің сапасы да артып келе жатыр. Яғни саннан, сапаға ауысып келеді.