«24 KZ» қайта жаңғырды
11 желтоқсаннан бастап «Хабар 24» телеарнасы эфирге «24 KZ» брендімен шығады. Тәуліктік арнаның сырт пішінімен бірге ішкі мазмұнын да жаңарады. Көрерменді қандай өзгеріс күтеді?
«24 KZ» брендін қайта жаңғыртып отырған телеарнаның жаңа логотипі ақ-қызыл түсті екі цифр арқылы беріледі. Алқызыл түс – рауандап атқан жаңа күннің басталуын білдірсе, KZ белгісі телеарнаның қазақстандық арна екендігін көрсетеді.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біз көрермендердің арнамыздың қай атауын көбірек қолданатынын білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Бір қызығы, «24 KZ» арнасының атауы «Хабар 24» қарағанда жиі қолданылатын болып шықты. Дегенмен арна «24 KZ» атауымен небәрі 4 жыл, ал «Хабар 24» атауымен шамамен 7 жыл хабар таратты. Яғни телеарна аудиториясы үшін «24 KZ» атауы әлі күнге дейін таныс болып отыр. Отандастарымыздың көпшілігі үшін Қазақстанның тәулік бойғы жаңалықтары «24 KZ» байланысты.
Эфир уақыты да ұзарады. Қазақ және орыс тілдеріндегі жаңалықтар өзара алмасып, тоқтаусыз беріледі. Одан бөлек тақырыпты жан-жақты талдайтын сараптама, пікірталастар мен арнайы репортаждар, тұшымды сұхбаттар топтамасы тағы бар.
Жасын Біркенов, «24 KZ» телеарнасының директоры:
- Кең көлемде жүргізілетін ребрендингтен бөлек, біз жаңалықтар форматын да түрлендіріп отырмыз. Мәселен, әр күн сайын эфирдің шымылдығын «24 KZ таңы» таңғы ақпараттық бағдарламасы ашады. Бұл жерде қос жүргізуші ең күрделі тақырыптарды саралап, еркін форматта, бірақ салмақты етіп көрерменге жеткізеді. Ал 19.00-де «Prime Time» ақпараттық-сараптамалық жобасы көрерменге жол тартады. Мұнда күннің негізгі оқиғаларына сараптамалық шолу жасалады.
Арна мамандары трансформация алдында әйгілі BBC, NBC News, Франция 24 және Ресей 24 арналарының тәсілдерін талдап, тәжірибесіне сүйеніпті.
Айта кетейін, Қазақстандағы тәулік бойы хабар тарататын алғашқы ақпараттық телеарна эфирге 2012 жылдың 1 қыркүйегінде шықты. Ал «24 KZ» ұсынатын контент – 100% отандық өнім. Телеарнаның аймақтар мен шет елдерде тілшілер қосыны бар. Яғни еліміз бен әлемнің әр түкпірінен берілетін тікелей қосылымдар қатары да көбейе түспек.
Дамир Берікұлы, Айнұр Қуатқызы, Серік Қоңырбаев