Непалдағы тасқын кезінде жоғалғандардың қатарында Қазақстан азаматшасы болған. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматшасы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Оның қазір қайда екені әзірге белгісіз. Іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Непалдың туризм басқармасының ресми парақшасында жоғалғандардың тізімінде 2 қазақстандық азамат бар деп көрсетілген. Жалпы Непалдың солтүстігіндегі алапат тасқыннан опат болғандар саны 359-ға жетті. Тағы 1,5 мыңнан астам адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Оның 650-і шетелдік. Дені - Үндістан, АҚШ, Ұлыбритания мен Малайзия азаматтары. Белгілі болғандай 133 үндістандық Тибеттегі Кайлаш тауына зиярат етуге барған. Гималай тауындағы мұздықтардың еруінен қар көшкіні болып, оның соңы тасқынға ұласқан. Непал-қытай шекарасына жақын орналасқан Гиронг портын су шайып кеткен. Аймақтағы ахуал күрделі. Осыған орай бірқатар ел гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. ЕуроОдақ қосымша көмек, ал Үндістан ең қажетті деген құрал-жабдықтарды жібермек. Америка 500 мың АҚШ доллары, халықаралық ұйымдардан Қызыл Крест пен Қызыл Жарты ай 1 миллион 240 мың доллар шамасында қаржылай көмек бөлінетінін хабарлады. Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау ұйымы да дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтарды жіберетінін мәлімдеді.