Ғалымдар: COVID-19 өте тез жаңаратын вирус болғандықтан, екпе әзірлеу оңайға түспейді
Расында әлемді әлекке салған инфекцияның бұған дейінгілерінен айырмашылығы неде?
Коронавирустан бүк түскен 39 жастағы британдық Тара Джейн Лэнгстон қазір жасанды дем алу аппаратына байланған. Қатты қиналған ол әлеуметтік желіде сақтыққа шақырды.
Тара Джейн Лэнгстон, науқас /Ұлыбритания/:
- Ауруханаға 10 күн бұрын түстім, қазіргі жағдайым әлдеқайда жақсы. Өкпеме әйнек сынықтары қадалғандай, тыныс алудың өзі қиын болып тұр. Темекі шегетіндер болса, қазір қойыңыздар, өкпеңізді сақтаңыз. Барынша ауру жұқтырмау шараларын жасаңыздар.
Өкпенің қабынуы – коронавирустың негізгі белгісі. Десе де «науқастардың 80% оны респираторлық ауру секілді өткерсе, 18% тіпті ауру белгілері болмауы мүмкін» деген байлам бар.
Клаудио Канчелли, науқас /Италия/:
- Коронавирусқа шалдықтым. 3 күн температураны басатын дәрі ішіп, жазылдым.
Якоб Таг Рэмлинг, науқас /Дания/:
- Италияның әуежайында болғаным анық. Бірақ қалай жұқтырғанымды білмеймін. Басым мен тамағым ауырып, жөтел қысты. Карантинде бір апта жатып емделдім.
Бірақ арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Ғалымдардың айтуынша, коронавирустан көз жұму қаупі 1-2% дейін. Яғни кәдімгі тұмаудан 20 есе көп. Коронавирустың бұған дейінгі вирустардан қауіптілігі, оған шалдыққан адамда ауру белгісі бірнеше күннен кейін бірақ білінеді. Оған дейін инфекцияны қасындағыларға жұқтырып үлгереді.
Майк Райан, ДДСҰ атқарушы директоры:
- «Жастар коронавирус жұқтырмайды» деу дұрыс емес. Оңтүстік Кореяда көз жұмған әрбір бесінші науқастың жасы 60-қа толмаған. Италиядағы сырқаттардың 12% 50-ге толмаған. Қазір қызуы көтерілген кез келген адамды диагностикадан өткізу міндет.
Қырғидай тиген коронавирусқа қарсы вакцина жасауға әлемнің 35 институты кірісті. Дайын екпе бір жылдан соң ғана нарыққа шығуы мүмкін. «Бірақ оның мутацияға ұшырайтын вирусқа төтеп беретініне ешкім кепілдік бермейді», – дейді мамандар.
Тедрос Адханом Гебрейесус, ДДСҰ бас директоры:
- Инфекция тарап кетпеуі үшін үйден шықпау маңызды! Көзді жұмып қойып, отпен күресу мүмкін емес, кімнің ауруды жұқтырғанын білмесек, барлық шараның тиімділігі шамалы.
9 мыңға жуық науқас тіркеліп, 111 адам қайтыс болған Оңтүстік Кореяның дәрігерлері коронавируспен күресте өз тәжірибесімен бөлісуде. Науқастарды 4 топқа бөлуді ұсынды.
Ләззат Ақтаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары:
- Олар «симптомсыз, жеңіл, орта және ауыр жағдайдағы науқастар» деп 4 ке бөлуді дұрыс деп санайды. Аурудың ауырлық сатысына байланысты диагностикалық емдеу іс-шараларын қолдану қажет. Науқас халін бақылап, мониторинг жасап отыру керектігін айтты.
Қауіпті вирустан сақтану үшін қолды жиі жуып, бет, мұрын, ауызға қол тигізбеу керек екенін үнемі есте ұстау керек. «Дезинфекциялық құрал спиртті қолға себуге болғанымен, оны ішке тұтынудан пайда жоқ», – дейді дәрігерлер.
Софья Линникова, иммунолог:
- Ішімдік ішкен адам ағзасының шырышты қабығын күйдіріп жіберуі мүмкін. Ол кезде табиғи иммунитет толықтай әлсірейді. Вирус түгілі кез келген қарапайым бактерияға қарсы тұратын күшін жоғалтуы мүмкін.
Дәрігерлердің айтуынша, вирустың алдын алуда антибиотиктер әлсіз. Сондықтан тек 100% сақтық, қорғану ғана құтқаруы мүмкін.
Авторлары: Индира Жылқайдарова, Нұрғали Мамырбаев