ДДСҰ: Коронавирус пандемиясы жылдам өршіп барады
Тедрос Гебрейесустың айтуынша, әлем елдері қатаң шаралар қабылдамағанда, миллиондаған адам қауіпті кеселдің құрбаны болар еді. Жалпы жаһанды жайлаған тажалмен әлем қалай күресіп жатыр? Індет қай елде өршіп тұр?
АҚШ-та коронавирусты жұқтырғандар саны Қытайдан асып кетті. Соңғы мәліметке сай індет елдің барлық штатына тарап, 85 мың адамнан анықталды. Нью-Йорктың өзінде науқас саны 30 мыңға жетіп отыр. Қайтыс болғандар 1 мыңнан асады. Вашингтон университетінің дерегінше, эпидемия АҚШ-та әлі бірнеше айға созылуы мүмкін.
Крис Мюррэй, Вашингтон университеті Денсаулықты бағалау институтының директоры:
- Біздің есебізімзше, алдағы төрт айда коронавирус құрбандарының саны 81 мыңға жетуі мүмкін. Ал сәуір айының екінші аптасында індет өрши түседі. Яғни медициналық қызметке сұраныс артып, кей штаттарда ауруханаларда орын жетіспейтін болады.
Ал Ақ үй басшысы Дональд Трамп: «Науқастар санының күрт өсуі тұрғындардың жаппай тестілеу нәтижесімен байланысты», – дейді. Кей ақпаратқа қарағанда АҚШ-та 500 мыңнан астам сынама алынған. Індеттің таралуына байланысты қазір ел тұрғындарының жартысының жүріп-тұруы шектелген. Эпидемия еңбек нарығын тұралатып, жұмыссыздар саны 10 есе артты.
Еуропадағы жағдай оңалмай тұр. Соңғы тәулікте Италияда қауіпті вирустан 712 адам көз жұмып, құрбандар саны 8 мыңнан асты. Тағы 4 мыңнан астам тұрғыннан инфекция анықталды.
Науқастар саны Францияда да артып отыр. Елде COVID-19 29 мыңнан астам адамнан анықталып, 1 700-ге жуығы қайтыс болды. 5 мың тұрғын дертінен айығып, ауруханадан шықты.
Қазір кәрі құрлықтың оңтүстігінде жағдай аса ауыр. Соңғы тәулікте Испанияда тағы 738 адам қайтыс болып, вирустан көз жұмғандардың жалпы саны 4 мыңнан асты.
Ресейде соңғы тәулікте 196 адам коронавирус жұқтырды. Осылайша көрші елде қатерлі дертке шалдыққандардың саны 1036 адамға жетіп отыр. 3 адам қайтыс болды, 45 науқас дертінен айықты.
Қытайда індеттің таралу қарқыны бәсеңдеп, мектептер, кітапханалар мен музейлер қайтадан жұмыс істей бастады. Дегенмен қатаң сақтық шаралары әлі де өз күшінде. Сарапшылар: «Індеттің беті қайтқанмен, қайта өршуі мүмкін деген күдік бар», – дейді.
«Франс Пресс» агенттігінің дерегінше, қазір әлемде миллиардқа жуық адам сыртқа шықпай отыр. Ал «Нью-Йорк Таймс» басылымы америкалық астронавт Скотт Келлидің «Мен 1 жыл ғарышта болдым. Оқшаулану туралы айтарым бар» деген сөзін келтіріп, көлемді мақала жариялады. НАСА астронавтының айтуынша, ғарыштағы ережелерді Жерде де қолданып, екі апталық карантинді оңай еңсеруге болады. Ал ол үшін дүрбелеңге салынбай, күн тәртібін сақтап, жаныңа жақын сүйікті істі табуға кеңес береді.
Авторы: Меруерт Жақан