Қазақстан Украинаны отын дағдарысынан құтқарып қалмақ
Жыл басында өнеркәсіп ошақтары тұтынатын көгілдір отынның 1 мың текше метрі 130 мың болса, қазір 560 мың теңгеге жеткен. Енді Украинаны отын дағдарысынан Қазақстан құтқарып қалмақ. Елге теңіз арқылы мазут жеткізіле бастады. Бұл – бұрын-сонды болмаған үдеріс.
Украинаға мұнай және мұнай өнімдерінің 80% шет елден тасымалданады, мұндағы газ бағасы өте құбылмалы және көбінесе көгілдір отынның құны Еуропа нарығымен теңесіп отырады. Сондықтан Украинада тек бір жылда өнеркәсіптік өндіріс орындары тұтынатын газ бағасы 5 есе артқан. Жыл басында ғана көгілдір отынның 1 мың текше метрі 8 мың гривень болса, қазір 35 мың гривеньге дейін қымбаттады. Соңғы бір жылда Украина Қазақстаннан тасымалданатын сұйытылған газдың көлемін де күрт арттырды. Ай сайын біздің елден Украинаға 25 мың тонна газ жеткізіледі және оның бес мың тоннасы теңіз транспорты арқылы тасымалданады.
Александр Сиренко, Газ және мұнай нарығының сарапшысы:
- Қазақстаннан Украинаға тасымалданатын сұйытылған газ көлемі артты, бүгінде импорттың 30-35%-ін құрайды. Қазақстандық газ жоғары сапасымен ерекшеленеді және пропан-бутан фракциялары бөлек, сонысымен де ыңғайлы. Қазақ газын біз Ресей және Беларусь отынымен араластырып, нәтижесінде біздің елде танымал ресурс көзін аламыз.
Украина жақын уақытта Қазақстаннан тұңғыш рет мазут отынын да теңіз транспорты арқылы тасымалдай бастады. «Қазақстанның сұйытылған газы, көмірі не мазуты болсын Украина нарығы үшін бірінші кезекте жоғары сапасымен құнды», – дейді сарапшы.
Александр Сиренко, Газ және мұнай нарығының сарапшысы:
- Жақында Украина тарихында алғаш рет Украинаға мазуттың бір партиясы теңіз арқылы жеткізілді. Бар болғаны 5 мың тонна, дегенмен біз үшін бұл тасымалдың жаңғыруы өте жағымды жаңалық. Неге? Өйткені бізде табиғи газдың бағасы қатты қымбаттауда. Ал мазутты көптеген украиналық кәсіпорындар энергия тасымалдаушы ретінде тиімді пайдалана алады.
Екі апта бұрын Украинаға теңіз жолдары арқылы қазақстандық көмір де тасымалдана бастады. Украина мемлекеттік «Центрэнерго» компаниясы Қазақстанмен 1,5 млн тонна энергетикалық көмірді сатып алу туралы келісім-шарт жасасқан. 20 қараша күні алғашқы 60,5 мың тонна көмір «Южный» портына жеткізіліп, Украинаның жылу электр орталықтарына тасымалдану үшін тиеліп жатыр.
Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко