Украинадағы соңғы жағдай: Мариуполь қаласының күл-талқаны шықты
Украина бас прокуратурасы осы уақытқа дейін 121 бала опат болды деп мәлімдеді. Тағы 167-сі жарақат алған. Зардап шеккендер, әсіресе Киев, Харковь, Донецк, Чернигов, Житомир, Херсон облыстарында көп.
Бірікке Ұлттар Ұйымының мәліметінше, ақпанның 24-інен бері қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 1 мыңға жуықтады. Ал елден кетуге мәжбүр болғандардың қатыр 3 миллионнан асты.
Мариупольдегі жағдай күрделі. Жергілікті биліктің мәліметінше, шаһар 80-90% қираған. Қаланың күл-талқаны шыққанын спутниктен түсірілген суреттерден де көруге болады. Қоршаудағы қалада мыңдаған адам ас-сусыз, жарықсыз, жылусыз отыр.
Ирина Черненко, Мариуполь тұрғыны:
- Жертөледе отырғанымызға 11 күн болды. Жақсылықтан үміттіміз. Пәтеріміз қирады, барар жер, басар тауымыз жоқ. Жертөледен басқа қайда барамыз? От жағып, тамақ пісіреміз. Азық-түлік пен отын таусылуға жақын. Бір аптадан соң ештеңе қалмайды. Тамақ таусылса, не істейміз?
Осы уақытқа дейін Мариупольде 2,5 мың адам қаза тапты деген ақпарат бар. Алайда құрбандардың нақты саны белгісіз. Украина тарапы: «Ресейлік әскерилер қалаға гуманитарлық көмек жеткізуге, бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға мүмкіндік бермей отыр», - дейді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Қазір Мариупольде 100 мыңдай тұрғын адам төзгісіз жағдайда күн көруге мәжбүр. Азық-түлік, су, дәрі-дәрмек жоқ. Қалаға оқ жаудырылып жатыр. Гуманитарлық дәліз құруға тырысып бағудамыз. Алайда ресейлік әскерилер бұған жол бермей отыр.
Ресейдің Қорғаныс министрлігі мұны жоққа шығарып, Украина тарапын кінәлап отыр.
Михаил Мизинцев, РФ Ұлттық қорғанысты басқару орталығының басшысы:
- Ұлтшылдар жүздеген мың тұрғынды, соның ішінде шетел азаматтарын күштеп ұстап отыр. Олар сес көрсетіп, адамдардың қаладан кетуіне жол бермей жатыр.
Шабуылдар мен бомбалау өзге қалаларда да жалғасып жатыр. Киевке тағы да соққы беріліп, екі ғимарат пен көлік өртенді. Бұған дейін ракета соққысынан сауда орталығы қирап, елдің бас прокуратурасы бірнеше адам қаза тапты деп хабарлаған. Сол күні ракета сынықтары тағы бір ауданға түскені, бес адам жараланғаны туралы мәлімет таратылды. Бұған дейін екі жақтың өкілдері бірнеше рет кездесті. Бірақ бітім болмады. Келіссөз жалғасып жатыр.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
- Украина тарапы Ресеймен арадағы келіссөзге қатысып жатыр. Келіссөз ауыр өтіп жатыр. Десе де біртіндеп алға жылжу бар. Осы аптада маңызды үш саммит өтеді: Үлкен жиырмалық, НАТО және ЕуроОдақ саммиттері. Санкциялардың жаңа легі, жаңа көмек. Біз жұмысымызды жалғастырамыз. Соңына дейін күресеміз.
Украинадағы ахуал «Үлкен жетілік» лидерлерінің кездесуінде талқыланады. Америкалық тарап Ресейді әлемдегі экономикасы ең мықты дамыған елдердің тобы – «Үлкен жиырмалықтан» шығару мәселесі қарастырылып жатқанын айтады. БҰҰ дерегінше, көрші елдерге бас сауғалаған украиналықтардың саны 3 жарым миллионнан асты. Бұл − Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада болмаған жағдай. Босқындардың 2 миллионнан астамы Польшаға өткен.
Мэттью Салтмарш, БҰҰ босқындар агенттігінң ресми өкілі:
- Украинаның ішінде 6 жарым миллион адам тұрғылықты, үйреншікті жерін ауыстыруға мәжбүр болған. Мұндай көші-қон дағдарысы бұрын-соңды болмаған. Шетел асқан босқындар саны 4 миллионға жетуі мүмкін. Біз барлық жағынан қолдау көрсетуге дайынбыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымының соңғы мәліметіне сай, Украинада қаза тапқан бейбіт тұрғындардың саны 900-ден асты. 1 жарым мыңға жуығы жарақат алған. Дегенмен сарапшылар құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.