Қытайда үш дауыс беру учаскесі ашылды
Ботагөз Сырғабаева, тілші:
- Мен Бейжіңдегі №257 дауыс беру учаскесінде тұрмын. Жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 07:00-де Гонконг пен Шанхайдағы 293 пен 294 дауыс беру учаскелері де жұмысын бастады. Олардың барлығы кешкі 20:00-ге дейін ашық болады. Бұл – Қазақстан уақытымен кешкі 18:00. Еліміздің азаматтары тұрғылықты мекенжайына байланысты учаскеге келіп, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумда дауыс бере алады.
Аңсар Салин, студент:
- Еліміз үшін маңызды шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Шетелде жүрсем де таңдау жасауға мүмкіндік болғанына ризамын.
Жібек Тәттібай, 12-сынып оқушысы:
- Мамырда 18-ге толғаннан кейін референдумға қатыса алатыныма қуаныштымын. Елімнің саясатына белсенді түрде қатысып, демократия мен қоғамның дамуына үлес қоса алатыныма үміттенемін.
Ботагөз Сырғабаева, тілші:
- Пандемияға дейін Қытайда дауыс берушілердің басым бөлігі студенттер еді. 2020 жылы олардың көбі елге оралды. Осы жолғы тізім бойынша дауыс беруге Бейжіңде шамамен 100, Шанхайда 25, ал Гонконгта 35 адам тіркелді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты Шанхай қаласында дауыс беру учаскесі ашыла ма деген мәселе болған. Аймақта санитарлық шектеу шаралары қатаң сақталған. Бетпердені тағу мен арақашықтықты сақтау жіті тексеріліп жатыр. Біз алдағы уақытта да дауыс беру учаскесінен жаңа ақпаратпен бөлісетін боламыз.