Польшада Украинадағы қазақстандықтар дауыс беріп жатыр
Аида Қыдырбай, тілші:
- Польшаның Варшава қаласында ашылған №271 учаскесіне Украинадағы Қазақстан азаматтары да арнайы келіп дауыс беріп жатыр. Мен де таңдау жасадым. «Бұл референдум – жырақтағы қазақтар үшін де маңызды сәт», - дейді Польша және Украинадағы Қазақстан азаматтары. Мысалы, Украинадағы қазақ кәсіпкері Алтынбек мың шақырым аралыққа қарамастан, дауыс беру үшін Киевтен Варшаваға арнайы келген.
Алтынбек Мұстапаев, Қазақстан азаматы:
- Өкінішке қарай, Киевте дауыс бере алмағаннан кейін Польшаға келдік. Қазір Украина мен Польша арасында көп жүреміз. Украиналықтарға көмектесіп жүрген жайымыз бар. Жиырма шақты қазақ келдік.
Дархан Кәлетаев, Қазақстанның Украинадағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Елшіліктегі жұмыс істеп жатқан азаматтар, Украинада тұрып жатқан Қазақстан азаматтары, барлығы 20 шақты адам Варшаваға дауыс беруге арнайы келдік. Бұл – біздің азаматтық парызымыз. Польшадағы Қазақстанның елшілігі бізге жағдай жасап, дауыс беруге толық мүмкіндік берді. Өтіп жатқан оқиға елімізге үлкен жаңалық әкеледі деген сенімдемін.
Аида Қыдырбай, тілші:
- Екі ел арасындағы уақыт айырмашылығы төрт сағат. Сондықтан Польшада дауыс беру Қазақстан уақыты бойынша түнгі 00:00-ге дейін жалғасады. Варшавадағы №271 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі әрі консул Бекзат Сәбитұлы: «Сайлау барысында өрескел заңбұзушылық тіркелген жоқ», – деп мәлімдеді.