Түркияға көмектесуге әлемнің ондаған елінен 110 мыңнан астам маман жұмылдырылып отыр
Түркияның Әділет министрлігі зілазала болған аймақтардағы үйлер мен ғимараттарды салған құрылыс компанияларына қатысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Осы мекеменің басшысы Бекир Боздагтың сөзінше, өз істеріне жауапсыз қарап, ғимаратты тұрғызғанда тиісті талаптарды сақтамағандар қатаң жазаланады.
Зілзала болған аймақтарда іздеу-құтқару операциясы жалғасып жатыр. 110 мыңнан астам құтқарушы жұмылдырылған. Олардың қатарында әлемнің ондаған елінен көмекке барған мамандар бар.
Анил Сурал — Ақ үй мен Пентагоннан хабар тарататын түркиялық газеттің тілшісі. Ол бірнеше күннен бері Вашингтондағы Түркия елшілігіне толассыз келіп жатқан заттарды іріктеп, буып-түйіп Отанына жіберуге ат салысып жүр. Анил 1999 жылы Сакарьядағы жойқын жер сілкінісін көрген. Зілзала зардабын біледі.
Анил Сурал, журналист:
-Америкадан 100-ден астам құтқарушы ғана кетті. Бірақ одан да көп адам жіберу керек. Өйткені әр сәт қымбат. Киім-кешек, тамақ, керек-жарақ бәрі келіп жатыр. Бірақ ең маңыздысы үйінді астын аршу үшін көп құтқарушы керек.
Американың қарапайым тұрғындары да қолдан келгенше жәрдем көрсетіп жатыр.
Сара Уикли, Вашингтон тұрғыны:
-Бірден балалар туралы ойладым. Өзімнің де балам бар. Заттарды алып келдім. Қолымнан келген көмегім сол.
АҚШ-тағы қазақстандықтар да қарап қалған жоқ. Бірнеше қалада белсенді азаматтар жылы киім-кешек, керек-жарақты жинастырған.
Апат аймағында күн суық. Үйлер қираған. Ресми мәлімет бойынша, елде 6 мыңнан астам үй жермен-жексен болған, ал қанша ғимаратқа зақым келгені әзірге белгісіз. Дүмпулер қайталанса, қазір тұрған ғимараттар да құлауы мүмкін деген қауіп бар. Аман қалғандар далада, көлікте немесе уақытша баспаналарда түнеуге мәжбүр. Бұл — Хатай қаласындағы уақытша қалашық. Мұнда 50 мың шатыр құрылған. Ал ресми мәлімет бойынша, жер сілкінісі 13 миллионнан астам адам тұратын аумақты қамтыған.
Осы күндері Түркияға жан-жақтан құтқарушылар жиналған. Ел билігінің мәліметінше, қол ұшын созған мемлекеттер саны 60-тан асты. Бірқатар халықаралық ұйым көмек беруге әзір екенін мәлімдеді. Мәселен, Дүниежүзілік банк инфрақұрылымды қалпына келтіруге және зардап шеккендерге көмек ретінде 2 миллиард доллар шамасында қаражат бөлетінін хабарлады. Fitch рейтинг агенттігінің есебінше, зілзаладан келген шығын 4 миллиард доллардан асуы мүмкін. Ал жергілікті агенттіктер 15 миллиард долларға жетеді деп болжап отыр.
Бенуа Карпантье, «Қызыл Крест» және «Жарты Ай» халықаралық қозғалысының өкілі:
-Біз Түркия мен Сирияда зардап шеккендерге уақытша шатырлар құрып, дағдарыс орталықтарын ұйымдастырып жатырмыз. Адамдарға ыстық тамақ, жылы киім, көрпе сияқты қажетті заттар жеткізілді. Сирияда жараланғандарға жедел жәрдем қызметін ұйымдастырдық. Олар медициналық көмекке зәру.
Сирияға көмек жеткізу оңай болмай тұр. Елдің солтүстік-батысының бір бөлігі оппозицияның бақылауында. Түркиямен шекарадағы жалғыз өткізу пункті арқылы аймаққа БҰҰ-ның көмегі жетті. Алайда үйінді астында жатқандарды шығаруға техника жоқ.