Ұшақтағы ойлар: Алашорда қызыққан Жапония, «Феникс қала» және сиқырлы бейсбол клубы
Ұшақ терезесінен бүркеме бұлтсыз қара жерді, толқыны еміс-еміс байқалатын көк теңізді көріп, 1945 жылы тамыздың 6-сында «B-29»-бен Жапонияға тартқан америкалық ұшқыш та осындай көрініске куә болып көкте зулап бара жатты ма екен деген ойға қалдым.
Хиросимаға атом бомбасының сол сәтте тасталуына себеп болған жаймашуақ ауа райы қазір көз алдымда. Соғыстың жағдайын ысыра салып, бәрін неге ауа райына жаба салды дерсіз. Алайда жойқын қару тасталуы керек болған Кокура қаласы бұлт сауытқа оранып, құшағындағы халықты «құзғындай» төніп келе жатқан ұшқыштан жасырып қалғанын біреу білсе, біреу білмес. Сонда Вашингтон бұйрығын орындаушы нысанасын көздей алмай басқа шаһарға ұшып кетеді. Ол кезде тізімде үшінші тұрған Нагасаки құрбан болады.
Сол бір жайдары «мінезінен» бе екен, жермен жексен болған Хиросима 77 жыл ішінде адам танымастай өзгерген, қайта құрылған. Күлден бас көтерген феникс сияқты. Тіпті Бейбітшілік қаласы атанып, мамырдың 19-21 аралығында Үлкен жетіліктің (G7) саммитін өткізді. Украина президенті Зеленскийді қонақ етті.
21 ғасырдың кезекті аумалы-төкпелі күндерінде, кей тараптар Хиросима трагедиясымен үркітіп жатқан сәтте «Ядролық қарудан бас тартайық» деп Бейбітшілік қаласы тағы бір мәрте үн қатты. Туған жері ядролық қару сынақтарынан жапа шеккен Алты Алашқа бұл үндеу таныс. Жаралы Семейі бар қазақтың зарымен үндес екені даусыз. Содан болар бұл жақты жатсынбадым.
Бірақ дәл сол қыр баласына Хиросиманың қайта құрылуы тіптен қызық болған соң, қалаға екінші жан берген нендей күш, нендей сиқыр деп қалың шетелдік журналист арасында іздендім.
Хиросима көне заманнан Жапонияның маңызды шаһарларының бірі болған. Өткен ғасыр басында Күншығыс елінің батысындағы индустриалық әрі әскери орталық талай қару-жарақ пен кемелерді (мысалы, Жапон-Қытай соғысына) осы порттан аттандырып отырған. Атом бомбасының тасталуына дәл осы стратегиялық маңызы себеп. 1945 жылдың 6 тамызы. Таңғы сегіз. Төбедегі ұшақтан сескеніп жатқан ешкім жоқ. Соғыс жағдайы ғой. Үйреншікті дүние. Аспандағы «Little boy» атом бомбасын тастағалы жатқан «Enola Gay» екенін кім білсін.
Жарылыс салдарынан сол жыл ішінде 140 000 адам (Хиросима тұрғындарының 40%-ы) қаза болып, 70 147 ғимарат (қала ғимараттарының 92%-ы) тып-типыл қирап, өртеніп кеткен. Әлеуметтік маңызы бар нысандардан түк қалмағанын соғыстан кейінгі ашық аспан астындағы мектептерден, лашық астындағы емханалардан байқай аласыз. Ресми деректердегі 1947 жылы есептеліп шыққан материалдық шығын мөлшері 763 430 000 иен (1947 жылы 1 АҚШ доллары 50 иенге тең) болған.
Одан да сорақысы - адамдардың ағзасына сіңіп кеткен радиацияның «реконструкция жоспарларына» бағына қоймауы. Аққан, күйік, көп мөлшерде қан жоғалтудан көз жұмып жатқандарда есеп болмады. Соның өзіне қарамастан Хиросима аяғынан тік тұра алған. Үлкен жетілік саммиті аясында ұйымдастырылған түрлі сессиялардың бірінде 92 жастағы Садао Ямамотомен тілдесу мүмкіндігі бұйырды.
Ол кезде қиранды мен үйіндіні, қан жоса көшелерді көрген Садао 14 жастағы бозбала екен. Жағдайдың қаншалықты ауыр болғанын айтты. Сол ауыртпалықтың бәрін қалай еңсердіңіздер, Хиросима қалай қайта құрылды деп сұрағанымда:
- Екі дүниені көмектесті. Алғашқысы - Жапон үкіметі 1949 жылы бейбіт шаһар салу жайлы жарғыны қабылдауы. Қазынасы жұпыны болса да, инвестиция арқылы біраз дүниенің іргесін көтеріп тастауға қауқарлы болды. Ал екіншісі – 1949-1950 жылдары «Хиросима сазаны» (Hiroshima Toyo Carp) атты бейсбол клубының құрылуы деп білем. Өңір-өңір болып жарыса ойнайтын, қызыға көретін бейсбол ойыны бойынша жаралы қаланың өз клубының болуы жанкүйер барша тұрғынды бір тудың астына жиды. Осы бірлік, ынтымақтастық, содан алған шабыт Хиросиманы қайта салып шығуға үлкен күш сыйлады,-деп жауап қатты.
Арнайы заң жобалары, субсидиялар мен инвестициялар жорамалдап табуға болатын жауап еді. Ал бейсбол клубының күллі Хиросиманың қайта құрылуына әсер етуі, сондай күшке ие болғаны мені расымен таңғалдырды. Ақша таба алмай қиналғанда, униформасыз қалып, ойынға не киерін білмей әуре-сарсаңға түскенде стадион сыртында сакенің бос бөшкелері қойылыпты (Хиросима саке сусынын шығарудан алдыңғы орында болған, қазір де өзіндік саке жасау тәсілімен ерекшеленеді). Сол бөшкелерге қала тұрғындары артық ауыз ақшасын, тиын тебенін тастап, жылу жинапты. Біраз жарысқа сол көмектің себімен жеткен кездері команда мен қала архивтерінде тұр әлі. Не деген ұжымдасу?! Не деген жанкүйерлік рух?! Зіл батпан трагедияны еңсере алмай жатқанда қала клубына болысу, әр сайысына қызыл кеңірдек болып бірлесе қолдау таныту, қаладағы қайта құру жұмыстарында кешегі ойынды талқылап шүйіркелесу... Ішімнен семейлік «Елімай» футбол клубын бір ойлап қойдым. «Бізде сондай қауқары бар қандай спорттық ұжым бар екен?» деген беймезгіл сұрақ басымда Садао мырзаның жауабымен таласа менмұндалап тұрды. Расымен, бар ма өзі сондай біріктіруші күш?
- Қайта менің қасымда апаттан аман қалған жанұям болды, - деп сөзін жалғады қария - Солардың қолдауымен еңсемді көтере алдым. Ал түгел отбасынан айырылғандар не істеді екен? Сол жерде сол «Хиросима сазаны» бейсбол клубының ұжымдастыру күші бәрімізді ұйымшыл ете түсіп, өзара көмек көрсетуде барымыздан аянып қалмауға жетелегендей.
Бұл ұйымшылдыққа мұрындық болған тағы бір адам қаланың қайта құрылуы үшін шыр-пыр болған Синдзо Хамаи. Күл-парша үйінді мен қирандыға, сау тұрғынынан науқасы көп шаһарға 1947 жылы әкім болып сайланған. Соғыстан зардап шеккен 115 қалаға арналған жалпы жоспар болды. Онысы – бірыңғай. Бірақ дәл сол әкім Хамаи сияқты парламентке жаңа заң қабылдатып, қосымша ақша алдырта алған халық қалаулысы кемде-кем. «Бейбітшілік мемориалдық қаласын құру туралы заң» аясында 80 шақырым жол, 88 бақ және мыңдаған тұрғын үйлер салынды. Қаланы көгалдандыру мақсатында Жапонияның түкпір-түкпірінен көшеттер жіберілді. Тағы бір мәрте жапон халқы біріге жылу жинап, әр өңірдің «көңіл айту һәм бет көрісу» сәлемін жеткізді. Сол дәстүрді осы жолғы Үлкен жетілік жиынында мемлекет басшылары жалғастырып, мәуелі баққа тағы бір түп тал отырғызды.
1949 жылға қарай біздегі кеңестік заман тарихындағыдай бесжылдық жоспармен зауыт-фабрикаларды қалпына келтіру қолға алынды. Ол істің қарқын алып кетуіне 1950 жылы басталған Корей соғысы да әсер етті. Сол қаладан тасымалданатын автокөлік пен консервіленген тағамдар өндірісі «күріш жанындағы күрмекше» табысқа кенеліп отырды. Сондай-ақ, әскери өнім зауыттары соғыс жылдарынан соң жекеменшікке өту арқылы индустрияның дамуына, көп қиындықсыз келесі фазаға өтуіне септігін тигізді.
Кейіннен Хиросима «жапон пацифизмінің» астанасына айналды. «Ой революциясын» алып келген алғашқы Бейбітшілік фестивалі (1947) өтті. Қала болып Жапония мен әлемдегі бейбітшілікке үндеді. Хиросима бейбітшілік мемориалдық музейі ашылып, тұңғыш рет атом бомбасы мен сутегі негізіндегі қаруларға қарсы дүниежүзілік конференция (1955) болды. Ядролық қарудан аман қалған адамдарға тиісті көмек көрсететін арнайы госпиталь (1956) ашылып, медициналық көмек жеңілдіктерін қамтыған заң (1957) қабылданды. Хиросима мен Нагасаки әкімдері БҰҰ бас штабына барып ядролық қарудан бас тартуға әлем жұртшылығын үгіттеді (1976). Және осы әкімдердің ұйымдастыруымен төрт жыл сайын Бейбітшілікті ту еткен қала әкімдерінің дүниежүзілік конференциясы өтетін болды (1982).
Осы жылнамалық ақпаратты зерттеп отырып, 1949-1989 жылдар арасындағы Семей полигонындағы сынақтар ойымнан кетпей қойған еді. Күншығыстан болған осы үндеулердің ешбірі Кеңес билігіне естілмеді ме? 40 жыл бойы қара жердің көкірегін тілгілеп, жараның жазылуына мұрша бермеген 456 жарылыстың біреуін болсын тоқтатуға шамасы жетпеді ме? Бәсекенің жетегінде кетіп, Жер-Анаға қастандық жасай беру қалай ғана жарты ғасыр жалғасқан деген оймен отырып ұшақтағы бортсеріктің «қонып бара жатырмыз, орындығыңыздың арқасын көтеріңіз» деген өтінішін естімеппін. 5 сағаттық сапар да аяқталып, Алматыма қондым. Өкініштің ащы дәмі кетпей тұр. Алайда сол бір алай-дүлей сезімді, ашу-ызаны даму катализаторына айналдырған Хиросима тұрғындарын әлі де зерттей түсу керек екенін түсініп отырмын. «Өшпенділік тек өшпенділікке әкеп тірейді. Олай жалғастыра берсе, бейбітшілікке қалай жетеміз?» деген 81 жастағы Яско Кондо әжейдің сөздері кедендік бақылау пунктіне дейін ми плэйлисінде қайталанып тұрды. Жарылыс күні қан жоса болып, 4 жасар Яско анасының қолынан жетектеп бара жатқан еді... Ауыр-ақ. Бірақ аман қалғандағы бар ғұмырын бейбітшілік жолына арнаймын деген өмірлік ұраны бар. Ол кісімен әңгіме дүкен құрғанда соны айтты. Соның дәнін санама еккендей болды...
Авторы: Ердана Ержанұлы