Елде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталып, 4 жарым мың талапкер тест тапсырды. Жалпы 216 мыңға жуық адам өтінім берген. Білім бәйгесіне қатысушылардың 75 проценті қазақ тілінде, 25 пайызы орыс тілінде, 266 адам ағылшын тілінде тапсырады.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі оқу жылын қорытындылады. Биыл 400 мыңдай оқушыға арналған 257 жаңа мектеп ашылған. Бұл рекордтық көрсеткіш. Соңғы екі жылда үш ауысымды мектептер саны үш есе қысқарды. Мыңдаған ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтті. 1 мың 700-ге жуық мектепте робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндері бойынша заманауи кабинеттер жабдықталды.
Биыл 14 мыңға жуық мұғалім жұмысқа қабылданып, педагог саны 412 мыңға жетті. Мұғалімдердің 73 пайызы жоғары біліктілік санатына ие. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, елде 4 миллионға жуық оқушы білім алуда. Оның ішінде 217 мыңнан астамы — 11-сынып түлегі. Республика бойынша 772 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымында 565 мың оқушы білім алады. Оның 173 мыңы — биылғы түлек, еңбек нарығына шығуға дайын.
Айта кетейік, 9-сынып оқушылары үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр-10 маусым аралығында, ал 11 сыныптар үшін 30 мамыр – 16 маусым аралығында өтеді.